- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қоқыс үйінділерімен күресе...
Қоқыс үйінділерімен күресе алмаған шенеуніктерге қатаң сөгіс жарияланды
Ұлытау, Алматы және Маңғыстау облыс әкімдерінің орынбасарыларын қатаң сөгіс жарияланады. Олар тиісті тапсырманы орындамаған. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Стихиялық қоқыс үйінділері мен қалдықтарды реттеу инфрақұрылымын дамыту - аса өткір мәселенің бірі. Биыл қыркүйекте бұл мәселені Үкімет отырысында қарағанбыз.
Бірқатар тапсырма берілді. Оның ішінде стихиялық қоқыстар санын 2 есе қысқарту мәселесін көтердік. Жалпы өңірлерде тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Алайда Ұлытау, Алматы және Маңғыстау облыстары ең төмен нәтиже көрсетіп отыр. Аталған өңір әкімдеріне осы салаға жетекшілік жасайтын орынбасарларына қатаң сөгіс жариялауды тапсырамын. Сондай-ақ аудандар мен қалалардың 75 пайызы коммуналдық қалдықтарды реттеу бағдарламасын әзірлеуге әлі кіріспегенін атап өтті. Ал мерзім әлдеқашан өтіп кеткен", - деді Смайылов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Түркістан, Маңғыстау облыстарында бірде-бір жоспар әзірленбеген.
"Сондықтан аталған өңір әкімдері де өздерінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасарларына тапсырманы орындамағаны үшін сөгіс жарияласын. Енді бұл процесті әкімдердің өздері жеке бақылауда ұстауға тиіс", - деді премьер-министр.
Үкімет басшысы халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту керек деген пікірде.
"Министрлік сатып алу рәсімдеріне байланысты мерзімді 2024 жылдың ортасына дейін ұзартуды сұрап отыр.
Егер жұмыстар 1 сәуірге дейін аяқталмаса, тиісті тәртіптік шаралар қабылданады. Жалпы стихиялық қоқыстарды болдырмау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмысты қайта қарау қажет.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, дамыған елдер бірінші кезекте қалдықтарды қайта өңдейтін инфрақұрылымды ретке келтіріп алады. Бұл жерде өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің механизмін белсенді түрде қолдану керек.
"Қалдықтарды сұрыптау және оларды кәдеге жаратудың нақты жүйесін құрған жөн. Мұның барлығын халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейте отырып, жүргізу қажет. Сондай-ақ қабылданған экологиялық білім беру мен тәрбиелеу жөніндегі 2029 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарының уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажет", - деді Әлихан Смайылов.
Аяз Есен
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz