Көкшетауда қоқыс көп жылдардан бері қордаланған бірақ шешімін таппай келе жатқан аса түйткілді мәселе. Шаһар шашылып-төгіліп жататын тұрмыстық қалдықтардан бір арылған емес. Контейнерлер уақытында төгілмегендіктен тазалық жайына қалып, есесіне егеуқұйрықтардың емін-еркін тайраңдауы қалыпты жағдайға айналған. Бірақ тиісті сала өкілдері мәселені біржола шешуге еш қауқар қыла алар емес, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қоқыс басқан қаладағы өткір жағдайды осыдан үш жыл бұрын алғашқы сапарында-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген. Мемлекет басшысы аталған түйінді қоқыс өңдейтін зауыт салу арқылы шешуді шегелеп тапсырған. Бірақ қалада күні бүгінге дейін қоқыс зауытын салмақ түгіл, тұрмыстық қалдықтарды төгетін полигонның өзі аса күрделі түйін болып тұр. Қаладағы Омбы трассасы бойындағы ірі полигон әбден толғандықтан экологтар оны жауып тынған. Ал Краснояр мен Элита селоларының жанындағы қоқыс полигоны тұрғындардың қоламса сасыған иісінен зәрезап болуынан тоқтатылған еді. Қоқыс төгетін басқа заңды полигон болмағандықтан Омбы трассасындағы полигонға қоқыс төгу одан әрі жалғасқан. Қалалық әкімдік өткен жылдың соңында қоқыс шығаратын коммуналдық кәсіпорындардың қатысуымен өткен дөңгелек үстелде қоқыс зауытын салуға инвестордың табылмағанын мәлімдеді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшылығы қоқыс контейнерлерінде тиісті дератизация және дезинфекция жұмыстарының жүргізілгенін алға тартып отыр.
Алайда контейнерлерде қоқыстар арасында «сайрандап» жүрген кеміргіш егеуқұйрықтардың азаяр емес. Керісінше қаланың барлық аймағында көзге жиі шалынады. Тұрғындар да кәдімгі қоқыс төгіп келуге де қорқатындарын жасырмайды.
"Күнделікті контейнерлерге барып қоқыс төгуден де қорқатын болдық. Егеуқұйрықтар өріп жүреді. Өздері әбден еркінсіп адам келсе де қашпайды. Тіпті, түк болмағандай жүре береді. Қалалық әкімдікке, СЭС-ке қанша мәрте шара қолдануын сұрап арыздандық. Бірақ ешкім бұл іспен айналыспайды. Түрлі жұқпалы аурулар тарататыны әбден мүмкін ғой. Алайда, талай уақыт өтсе де назар аударған жан жоқ", - дейді Бағила Сәрсенова есімді қала тұрғыны.
Түйінді мәселенің аса күрделі жағдайда екенін қалалық СЭС басшылығы да мойындады. Ведомство басшылығы аталған мәселеде қалалық әкімдікпен бірлесе әрекет етуге тырысып жатқанын жеткізді.
"Қоқыс контейнерлерін дератизация және дезинфекциялау жұмыстарына биыл бюджеттен 5,4 миллион теңге қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта конкурстық процедуралар жүргізіліп жатыр. Профилактикалық дератизация жергілікті атқарушы органдармен жүргізіледі. Көкшетау қалалық әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне дератизация жұмыстарын өткізу қажеттігі жөнінде хат жаздық. Қалалық әкімдікпен бірлесіп жоспар жасаймыз", - дейді Көкшетау қалалық СЭС-нің басқармасының басшысы Қанат Ысқақов.
Қалада қоқыс тасымалдаудың 80 пайыздан астамын жылдар бойы жүргізген "Көкше Тазалық" ЖШС-і коммуналдық кәсіпорны былтыр жыл соңында жұмысын біржола тоқтатқан. Қалалық әкімдік салаға Елордалық екі компанияның келетінін жариялаған. Қаладағы қоқыс контейнерлерінде егеуқұйрықтардың өріп кеткенін айтып шағымданған халықтың ащы жанайқайы әлеуметтік желілерде де желдей есіп тұр. Тұрғындардың сөздеріне сенсек қазіргі уақытта қаланың орталығындағы "Қазақстан" сауда үйінің ауласында, Васильков шағын ауданы 4 және 5, Вернадский көшесі 15, Әуезов көшесі 219 жалпы қаланың барлық ауданындағы қоқыс контейнерлерін егеуқұйрықтар басып кеткен.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшылығы қоқыс контейнерлерінен егеуқұйрықтар өріп жүрген контейнерлерге дератизация жоспарына енгізілетінін жеткізді. Басқа қойған сауалдарымызға ТҮКШ басшысы тек ресми хат болғанда ғана жауап беретінін айтып ат-тонын ала қашты.
"Жоғарыда аталған мекенжай дератизация жасау жоспарына енгізілді. Басқа сауалдарыңызға тек ресми хат болғанда ғана жауап беремін", - дейді Көкшетау қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Әділет Рахымжанов.
ТҮКШ бөлімінің егеуқұйрықтарға қатысты айтар уәжін алдағы күндері ресми жауап бергеннен кейін жариялаймыз. Ал тиісті жергілікті атқарушы органдардың сылбыр әрекеті оны уақытында жоюға қауқарсыздық танытатынын уақыттың өзі көрсетіп тұр. Шаһарда қоқыс төгетін полигон мен контейнерлердің мәселесі шешілмей егеуқұйрықтардың тайраңдағанын әлі талай көретініміз анық сияқты...
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!