Көктем шыға Павлодар облысы Май ауданы орталығы Көктөбе ауылының тұрғындары толарсақтан саз кешеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Еріген қар суы кепкенше көретін күніміз осы деп қынжылады адамдар. Ауданға орталықтандырылған ауыз су тарту жұмыстары 10 жылдан аса жүргізілді. Екі жыл бұрын толықтай аяқталған. Алайда, құбыр төсеу кезінде асфальт жолдың айран асырып шығарып кетті. Кей жерлер шұңқыр болып ортасына ойылып түсті. Соның кесірінен көше жолдары көктем мен күзде саз балшыққа айналады. Тұрғындар, балалар мектепке барып қайтқанша аяқ киімдерін жоғалтып келетінін айтады. Өйткені, ми болып жатқан саз балшықтан өткенде етік аяқтан сыпырылып қалады.
"Екі жылдан бері осындай проблема пайда болды. Су сіңіп, жер кепкенше үйден шыға алмай қаламыз. Былтыр үйміздің іргесі 50 смге дейін суға толды. Биыл су басқан кезде ауруханада жаттым. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары суды сорғызып азайтты. Әкімдік уәде еткеніне екі жыл болды әлі орындалған жоқ", - дейді Гүлсара есімді тұрғын.
Мәселеге орай әкімдік қызметкерлерінің де пікірін білген едік.
"Біз былтыр 9 көшеге сметалық құжаттама әзірлеп, облыстық бюджеттен қаржыландыруға өтінім жібердік. Сәуір айында өтетін бюджеттік нақтылауда қаражат бөлінеді деген үмітіміз бар. Жалпы сомасы 268 миллион теңге", - дейді Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин.
Е.Базарқұл
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!