Көктемгі әскерге шақыру: жоспар мерзімінен бұрын орындалған

Көктемгі әскерге шақыру: жоспар мерзімінен бұрын орындалған
Фото: gov.kz

17 наурыз бен 30 маусым аралығында өтетін көктемгі әскерге шақыру науқаны әлі жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қорғаныс министрлігінің дерегіне сүйенсек, 1 маусымдағы жағдай бойынша Қарулы күштерді, сондай-ақ, ҰҚК Шекара қызметін, Мемлекеттік күзет қызметін, Төтенше жағдайлар министрлігін жасақтау жоспары толық көлемде орындалған.

Бас штабтың Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті мәліметінше, жаңа шақырылғандардың басым бөлігі жас сарбаздар курсын аяқтап үлгерген. Әскери қызметшілер жалпы әскери жарғыларды оқып, саптық және атыс дайындығының негіздерін меңгерген, қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларымен танысқан. Дайындықтың қорытынды кезеңі ретінде салтанатты түрде әскери ант беру рәсімі өткізілген.

Негізгі күш Ұлттық ұлан бөлімшелерін жасақтауға бағытталған. Жоспарға сәйкес оның қатарына 7 мыңнан аса азамат шақырылады.

"Азаматтарға шақыру электрон форматта SMS хабарлама және eGov порталы арқылы келу күніне кемінде үш күн қалғанда жіберіледі. Электрон хабарлама ресми шақыру мәртебесіне ие. Хабарлама алған азаматтар жергілікті атқарушы органдардың әскерге шақыру пунктіне келуге міндетті. Себепсіз келмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік, ал әскери қызметтен жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған", - деп жазылған хабарламада.

Ведомство мәліметінше, көктемгі әскерге шақыру аясында Қарулы күштер, басқа да әскер мен әскери құрылымдар қатарына 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан аса азамат қосылады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget