- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Көктемде балалар арасында...
"Көктемде балалар арасында аллергия өршиді". 12 жылдық тәжірибесі бар педиатрмен сұхбат
Дәрігер - педиатр, балалар гепатологы Назира Жолдыбайқызы осы салада 12 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Қазіргі таңда А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында, балалар хирургиясы бөлімшесінде жұмыс істеп, амбулаторлық қабылдау жүргізеді. Massaget.kz тілшісі Назира Еримовамен көктемде балалар арасында жиі кездесетін аурулар, екпенің пайдасы туралы сұхбаттасты.
"Жұмысқа тұруға ұсыныс алдым"
Ол ең алғашқы қызметін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында бастаған.
"Профессор Күлән Омарқызы, медицина ғылымдарының докторы Ләззат Нұрбапайқызы секілді мықты ұстаздарым болды. Оларға алғысымды білдіремін. 2012 жылы А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми орталығына резидентураға түстім. Оқу барысында бас дәрігер маған педиатр болып жұмысқа орналасуымды ұсынды. Сол уақыт аралығында жұмыспен қатар, шетелден білім алып, (Жапония, Түркия, Үндістан, Ресей) көптеген халықаралық конференцияларға қатыстым. Табандылықпен білім беріп келе жатқан профессор Болатбек Бимендеұлына, медицина ғылымдарының докторы Бақытжан Керімбекұлына алғысым шексіз", - деді ол.
Кейіпкеріміз бұл мамандықты өз қалауымен таңдаған.
"Медицина саласының оңай еместігі бірінші оқу күнінен белгілі болды. 9 жыл оқып, әртүрлі медицина орталықтарында тәжірибеден өттім. Мамандығымның қиындығы жайында көп ойланбаймын. Өзіме ұнайды. Мүмкіндігінше біліктілікті арттырып отыруға тырысамын. Медицина қарқынды дамуда, еңбек пен табандылықты талап етеді", - деді педиатр.
"Алғашқы науқасты қабылдаған күн есімде"
Назира Жолдыбайқызы алғашқы науқасты қабылдаған сәтін де еске алды.
"Ол кезде Педиатрия және Балалар Хирургиясы Ұлттық орталығында жұмыс бастағанмын. Алматы облысынан келген 4 жастағы бала еді. Таңғы науқастарды қарау уақытында ақ көйлек пен костюмін киіп, мені күтіп отыратын. Кейінгі жағдайын білмедім, бәрі жақсы деп ойлаймын. Балалар бізге қайтып келмесе қуанамыз, себебі емнен кейін жағдайы жақсарды деп ойлаймыз. Ары қарай жергілікті мамандардың бақылауында болады", - деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі таңда себебі белгісіз гепатиттер (бауыр қабынуы) жиі кездеседі.
"Вирусты және аутоиммунды гепатиттер де жеткілікті. Көп жағдайда, негізсіз, дәрігердің бақылауынсыз витаминдер, антибиотиктер, тағамға биологиялық қоспалар қабылдап, асқындырып келеді. Жас айырмашылығы әртүрлі.Кейде ауру себебін анықтау үшін науқастарға бауыр биопсиясын жасауға тура келеді. Аурушаңдық балалар арасында 20 – 30%-ды құрайды. Балалар арасында көктемде мезгілге байланысты аллергия өршиді", - деді дәрігер-педиатр.
"Ауыр диагнозды қарапайым тілмен түсіндіремін"
Назира Жолдыбайқызы ата-аналар арасында екпеге қатысты түсінікті күшейту керек екенін атап өтті.
"Екпеге келер болсақ, қарсы көрсеткіштері болмаса ұлттық күнтізбе тізіміне кіретін екпелерді салдырған жөн. Ғылыми негізделген. Осы орайда айтарым бар, ата - аналар арасында екпеге қатысты оқу - ағарту жұмыстарын жүргізуді күшейту қажет деп ойлаймын. Ата - аналар тарапынан жауапкершіліктің болмауы, кейде баланың өміріне қауіп төндіріп тұрады. Қазір негізсіз антиваксерлер көп", - деді ол.
Кейіпкеріміз педиатр болғандықтан, балалар гепатологиясымен айналысады.
"Бауыр циррозына шалдыққан балаларды отаға дайындаймын. Олар орталыққа көбіне ауыр жағдайда келіп түседі. Ауыр диагнозы бар балалармен жұмыс өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әр бала бір-біріне ұқсамайды, олардың ерекшеліктеріне қарап айналысу қажет. Ауыр диагноз жайында ата - аналарға қарапайым тілмен түсіндіруге тырысамын. Қанша уақыт қажет болса, сонша уақыт бөлемін. Кейде 2-3 рет қайталап айтуға тура келеді, себебі диагноз жайында ақпаратты қорыту ата-аналарға оңайға соқпайды. Содан соң іске көшеміз", - деді ол.
Балаларға қандай дәрілер тегін беріледі?
Оның айтуынша, алғаш жұмыс бастағанда балаларда ауыр диагноздар кездеспеген.
"Бұрын қант диабеті, ұйқы безінің қабынуы, ісіктер, бауыр аурулары күнделікті тәжірибеде көп кездеспейтін. Қазіргі балалардың денсаулығы әлсіреп кеткен. Туабітті сал ауруы, эпилепсия, аутизм диагноздарын жиі кездестіреміз. Әр аурудың дамуының себептері әртүрлі. Тәжірибе мен соңғы ғылыми деректерге жүгінсек(Гарвард Медицина Мектебі, Best Medical journal, UpToDate), нутрициологияға (дұрыс тамактану), психологиялық және генетикалық факторларға мән берген жөн. Солардың әсерінен болуы мүмкін",- деді дәрігер.
Дәрігер ауруханада кейбір диагноздағы науқастар үшін дәрілер тегін берілетінін айтты.
"Орфандық аурулар, қант диабеті, иммуносупрессивті ем қабылдайтын балалар, қан ауруларымен ауыратын балалар мемлекет тарапынан негізгі дәрілермен қамтамасыз етілген. Қарсы көрсеткіштері болмаса 6 айдан бастап қосымша тамақ беруге болады. Рациональды тамақтану - баланың дұрыс дамуына көп үлесін қосады. Дұрыс тамақтану сұрақтары маман және ата - аналар тарапынан үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Өндірілген тағамдардың (фабрикаттар - мысалы бояғыш заттар мен дәмдеуіштер қосылған тәттілер, газды сусындар, әсіресе түрлі сусындар, консервілер және т.б) зияны басым. Көкөніс, жеміс - жидектің пайдасы зор, - деді ол.
Кейіпкеріміз балалармен тығыз байланыста болғандықтан, кішкентайлармен жақсы тіл табысатынын айтты.
"Мамандығым балалармен байланысты болғандықтан олармен тіл табысуға тырысамын. Бала тілі – бал. Бірде "қандай жұмыспен айналысасын?" деген сұрағыма, 5 жасар балақай "бақшада және мамамның қорғаушысы болып жұмыс істеймін" деп тапқыр жауап берді. Жалпы, кез келген дәрігердің бойынан біліктілік, шыдамдылық және жауапкершілік табылуы керек деп ойлаймын", - деді Назира.
"Жалақының аздығы - көп мәселеге себепші"
Дәрігердің айтуынша, қазіргі таңда дәрігерлер тапшылығына себепші фактор көп.
"Медициналық факультетті бітірген мамандар көп болғанымен, қазір дәрігерлер тапшы болып жатады. Мұның себебін жалақымен байланысты деп ойлаймын. Соңғы жылдары, әсіресе коронавирус инфекциясынан кейін көптеген мықты мамандар шетел асып кетті. Иммиграция ақпараты бойынша бірінші орында дәрігерлер тұр", -
Назира Еримова бүгінгі таңда педиатрларға қатысты шешілмей тұрған бірнеше мәселені атап өтті.
"Бүгінде педиатрлардың шешілмеген бірнеше мәселесі бар. Атап айтқанда – педиатрлар тапшылығы. Бұл мәселе Педиатрия факультетінің жабылуымен байланысты болды. Қазіргі таңда қайта қолға алынды. Енді түзеледі деп ойлаймын. Сондай-ақ, жалақының аздығы. Осыған байланысты дәрігерлер бірнеше жұмыс істейді немесе 9 -12 жыл оқығанына қарамастан мамандығын түбегейлі өзгертеді",- деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы