Көктайғақ пен боран: Астана әкімдігі тұрғындарға үндеу жасады

Астана әкімдігі тұрғындарға ауа райына байланысты үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елордада коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. 7 қарашада таңертең қала көшелерін қардан тазартуға 2000-нан аса жол жұмысшысы мен 750-ге жуық арнайы техника шықты.

Бірінші кезекте орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Онда самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.

"Қазгидромет" РМК мәліметінше, 7 қарашада Астанада қар, көктайғақ және боран болады. Синоптиктер оңтүстік-батыстан секундына 23-28 метр, кейде секундына 30 метрге дейін жел соғады деп болжап отыр.

"Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұрайды. Төтенше жағдай туындаған кезде 112 телефон нөміріне хабарласыңыз", - делінген хабарламада. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!