Алматыда алғашқы қар жауды. Осы уақытта жолға байланысты мәселелер туындайды. Халық бұл проблемадан биыл да шет қалмағанымызды жазып жатыр. Қоғам "Алматы-Қонаев", "Алматы-Талғар" тасжолдары көктайғақ екенін айтып, жүру мүмкін емес екеніне наразы. Олар "ақылы жолдар қардан тазартылмаса, мұздан айнадай боп жылтырап жатса не үшін ақша төлейміз?!" дейді. Massaget.kz порталының тілшісі мәселенің анық-қанығын білу мақсатында зерттеу жүргізді.
"ҚазАвтоЖол" ҰҚ" АҚ өкілі қардан тазалау жұмыстары жүргізіп жатқанын хабарлады. Бірақ біздің "Алматы-Қонаев" тасжолы қардан не үшін тазартылмады?" деген сұрағымызға нақты жауап берген жоқ.
"Қазіргі уақытта Алматы және Жетісу облыстарының республикалық трассаларында қар тазалау және жолдарды құм-тұз қоспасымен өңдеу жұмыстарына 103 арнайы техника мен 133 жолшы маман жұмылдырылды. Өткен демалыс күндері Алматы және Жетісу облыстарында ауа-райы қолайсыз болды (ауа температурасының төмендеуі, қатты жауын-шашын, боран). Жалпы ел аумағындағы республикалық жолдар желісінде 40-тан астам рет көлік қозғалысына шектеу енгізілді, оның ішінде "Алматы-Өскемен", "Сарыөзек-Көктал", "Алматы-Көкпек-Көктал - Қорғас", "Көкпек-Кеген-Түп", "Алматы-Ташкент-Термез" трассаларының учаскелері жабылды. Жолшылар көктайғаққа қарсы материалды себу бойынша үздіксіз жұмыстар жүргізді. Өткен демалыс күндері жолшылар 2275 тонна көктайғаққа қарсы материал (құм-тұз қоспасы) және 20 тонна "Айсмикс" химреагентін септі.
Мысалы, тек "Алматы-Шелек-Қорғас" және "Алматы - Өскемен" трассаларында 340 тонна көктайғаққа қарсы материал пайдаланылды. Бұл жұмысты атқару үшін 30-ға жуық арнайы техника мен 40 адам персонал жұмылдырылды", - деді “ҚазАвтоЖол” ҰҚ” АҚ баспасөз хатшысы Стамғазиева Ләззат.
Жол саласында 42 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, Қазақ автомобиль инстутының қызметкері, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбді Қиялбаев жол мекемелерінде алдын ала дайындық жоқ екенін айтады.
"Жол мекемесінің бірінші міндеті ауа райы құбылыстарын бақылап отыру. Дайындалу керек еді. Олар "ертең қар жауып кете ме, көк тайғақ болса не істейміз?" деген сауалдарға алдын ала жауап іздеуі керек еді. Соған сәйкес бүткіл техникасы, химиялық материалдары – барлығы сақадай сай тұруы керек. Осының барлығы шетелде арнайы базаларда дайын тұрады. Жолдың деңгейіне қарай 20-30 метрден салып қояды. Қар жауғанда немесе басқа төтенше жағдай болғанда техника жедел жолға шығады. Бізде көктайғақ, жаңа ғана жолдан келдім. Бір көлік, бір техника жоқ. Бұл не сұмдық? Кімді алдаймыз, кімді кінәлаймыз? Жолды алдын ала дайындамасақ, ауа райын алдын ала бақылап отырмасақ? Өзімізді алдаймыз", - дейді техника ғылымдарының профессоры.
Әбді Қиялбаевтың айтуынша, оған бірінші кезекте жол мекемелерінің басшылығы кінәлі.
"Бізде жол мекемесі бар. Оның қарапайым қызметкерін кінәлауға болмайды. Мұны жоғарыдан бастау керек. Қарға, көк тайғаққа алдын ала ақша бөлінеді. Егер бөлінбесе қарапайым қызметкер қалай істейді? Алдын ала бәрін зерттеу керек еді. Қай жерге не қоямыз? "Мына жер тайғақты жер, мына жер жоталы жер, мына жер қар тоқтайтын жер" деп біліп отыру қажет. Кеңес дәуірін мақтағаным емес, ол кезде осының бәрі бар еді. Жолды пайдалану, күту мекемелері болмаса жол мекемелерін ашудың қажеті жоқ. Бәріне жаз кезіннен дайындалу керек еді. Бүгін көк тайғақ болып еді шулап кеттік. Жол мекемесінде қызмет істей ме? Жүрекпен жұмыс істеу керек. Алдын ала "мына материалды шашатын техника жоқ, қыста қалай жұмыс істейміз?" деп айтып отыру керек еді. Осының барлығын айтса мәселе өз деңгейінде шешілетін еді", - дейді ол.