Көкшетаулықтар ішуге жарамсыз су тұтынып отыр

Көкшетаулықтар ішуге жарамсыз су тұтынып отыр

Көкшетауда қалалық санитарлық эпидемиологиялық станция дәрігерлері облыс орталығына Шағалалы су қоймасынан келетін суды тоқтатуды талап етті. Қалалық СЭС-тің мәліметінше, аталған су қоймасы осыдан 36 жыл бұрын 1986 жылы-ақ қолдануға жарамсыз деп танылған. Алайда, су қоймасы күні бүгінге дейін көршілес Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Сергеев су қоймасынан келетін сумен араластырылып, халықтың тұтынуына берілуде. Мұның одан әрі жалғасуы жөн болмайтынын айтқан Көкшетау қалалық СЭС басқармасы сотқа талап арыз берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 
Қаланың бас санитар дәрігері Қанат Ысқақовтың айтуынша, шаһардағы ауыз судың сапасы өте төмен. Ішуге мүлдем жарамсыз. Қала халқы тек бір тәулік ішінде ғана 28 мың текше метр су тұтынады. Оның ішінде 23 мың текше метр көлемі Шағалалы су қоймасынан болса, қалған 5 мың текше метрі  Нұра топтық су құбыры арқылы Сергеев су қоймасынан жеткізіледі. Шағалалы су құбырының суы тазарту қондырғыларынан одан құмды су сүзгіштерінен өткізіледі.
Қалалық СЭС ведомствосының мәліметінше, су қондырғысына сүзгіштер соңғы рет 2016 жылы ауыстырылған. Ал өткен жылы шаруашылық субъектісімен жөндеу жұмыстарын жүргізуге тендер өткізілгенімен күні бүгінге дейін ешқандай жеткізуші табылмағандықтан, мәселе сол күйі ашық қалған. Бұдан әрі хлорланған су Сергеев су қоймасынан келетін сумен араластырылып қаланың тұтынуына жіберіледі.

"Көкшетау Су Арнасы" коммуналдық кәсіпорнына қатысты қаланың санитарлық қызметімен былтыр төрт мәрте жоспардан тыс тексерістер өткізілген. Олардың екеуі бойынша материалдар сотқа жолданды. Қалған екеуі бойынша "Көкшетау Су арнасы" СЭС заңнамасының 425-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Екі мәрте 230 айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Бұл әкімшілік материалдар бізбен толтырылған. Екі айыппұл да, оның ішінде кәсіпорынның қызметін тоқтату туралы материал да сотқа жолданған. Тіпті кәсіпорынның директорына да қызметін тоқтатусыз екі мәрте 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды", - дейді қаланың бас санитар дәрігері Қанат Ысқақов.


СЭС басшысының айтуынша, Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына Шағалалы су қоймасынан суды беруді тоқтату туралы талаптарыз берілген. Қазіргі уақыта сот процестері жалғасып жатыр. Ал Сергеев су қоймасынан келетін тиісті сапа талаптарына сай суды Мемлекеттік сапа стандарты бойынша сатып алады.

"Шағалалы су қоймасындағы су тек сүзгі мен хлорландырудан ғана өткізіледі. Бұдан басқа, суға ешқандай тазарту жүргізілмейді. Өткен жылы шаруашылық субъектісімен коагуляция мен тұндырғыны жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда, бүгінге дейін жұмыстар аяқталмаған. Сондықтан бізбен Шағалалы су қоймасынан су алуды тоқтату туралы сотқа арыз бердік", - дейді Қанат Ысқақов.


 Мәселені зерттеу барысында Шағалалы су қоймасынан суды алуды тоқтатудан бөлек басқа да өте күрделі мәселелердің бар екендігін анықтадық. Түйінді мәселе тағы да қаржыға келіп тіреліпті. "Көкшетау Су Арнасы" коммуналдық кәсіпорны Шағалалы су қоймасы бойынша мәселе көп жылдардан бері түйіні тарқатылмай келе жатқанын жеткізді.

"Иә, қалаға жіберілетін судың сапасы төмен екені рас. Су тазарту стансасы салынбай қалғанын білесіздер. Сергеев су қоймасынан жеткізілетін судың құны бізге өте қымбатқа түсіп отыр. Сондықтан біз Шағалалы су қоймасынан жеткізілетін суға Сергеев су қоймасынан келетін суды араластырып халыққа таратуға мәжбүрміз. Ал СЭС  сотқа талап арыз берді. Енді барлығы сот арқылы шешілмек", - дейді "Көкшетау Су Арнасы" коммуналдық кәсіпорнының директоры Юрий Шенгельс.
Мәселенің судың сапасынан гөрі қаржы жағының аса көбірек рөл атқарып жатқанын бұдан кейін білдік. Қалаға Сергеев су қоймасынан су Нұра топтық су құбыры арқылы жеткізіледі. Ал бұл кәсіпорын басшылығының айтуынша "Көкшетау Су Арнасы" коммуналдық кәсіпорнының Сергеев су қорынан қаржы алуға шамасы жетпейді. Үнемі миллиондаған қарызға батып жатады. Сондықтан суға қатысты даулы мәселе жиі туындайды.

"Көкшетау Су Арнасы" бізге 85 миллион теңге қарыз болып келді. Жақында ғана төлемін зорға төледі. Шағалалы су қоймасынан берілетін судың сапасы төмен болуы ол ешқандай тазартусыз қалаға тікелей жөнелтіледі. Судың сапасы да төмен болатыны содан. Бұдан бөлек, қаланың ішіндегі су құбырлары да Кеңес заманынан бері жөндеу көрмей әбден тозып, шіріген. Судың сапасы осыдан да өте нашар болады. Ал біздің су тасымалдау құны алыс болғандықтан қымбатқа түседі. Дегенмен судың сапасы өте жақсы. Күн сайын сынама алып тексеріс жүргізіледі. Әрбір текше метр су 180 теңгеге түседі. Шағалалы су қоймасынан су текшеметрі небары 1 теңгеге ғана түседі. Осыған дейін халық небары суға 30 теңгеден төлейтін. Енді су тарифін 60 теңгеге бір-ақ көтерді. Бұл жерде қалған қаражат мемлекеттік субсидия арқылы жабылады. Бізден алған судың да 70 пайызы яғни 140 теңгесі субсидия есебінен төленсе, 60 теңгесі халықтың есебінен төленеді. "Көкшетау Су Арнасы" коммуналдық кәсіпорны төлей алмай келеді. Сондықтан Шағалалы су қоймасынан көбірек мөлшерде суды алып отырғаны да содан. Бірақ көктемгі су тасқыны кезінде ашық жатқан су қоймасына лайлы батпақ судың бәрі түскендіктен суды бізден алуға мәжбүр болады. Біз қажетті 30 мың текше метр су мөлшерін түгелдей беруге әзірміз. Тек алдымен қаржыландыру мәселесін шешіп алу керек. Біздің де энергетикалық, салық басқа да шығындарымыз шаш-етектен. Сондықтан облыс әкімдігі мен субсидия мәселесін реттеу қажет", - дейді Нұра топтық су құбырының бас директоры Гамзат Кенжебекұлы.
 

Сонымен сексен көлді Көкшетауда ауызсу мәселесі түбегейлі әлі шешімін таппай тұр. Шаһар тұрғындарының краннан-ақ, сүзгісіз-ақ таза су ішуі үшін миллиардтаған қаражат қажет. Бірақ бұл қаржы бюджетте жоқ. Шағалалы су қоймасынан су беру сот шешімімен мүлдем тоқтатылса, халық Сергеев су қоймасынан келетін құны аса қымбат суды тұтынуға мәжбүр болады. Бірақ оған халықтың қалтасы көтере ме? Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай тығырықтан шығудың жолы табыла ма? Мұны уақыт көрсетпек...

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы