Медицина қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында көкшетаулық дәрігерлерге жаңа пәтердің кілттері салтанатты түрде табысталды, - деп жазды www.24.kz сайты.
Бұл жолы 34 дәрігер еңбегі еленіп, баспана бақытына ие болды. Жергілікті бюджеттен дәрігерлерге арналған үйлер құрылысына 380 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Ерлі-зайыпты Біржан мен Динара бүгінде Ақмола облыстық ауруханасында кардиолог дәрігер болып қызмет атқарады. Олар осы жерде танысып, 11 жыл бұрын шаңырақ құрған екен. Сол уақыттан күні бүгінге дейін пәтер жалдап келген. Өздерінің төл мерекесі қарсаңында Айтымовтар әулетінің көптен күткен арманы орындалды. Қажырлы еңбек етіп жүрген білікті мамандарға үш бөлмелі пәтердің кілті берілді.
Облыстық аурухананың кардиолог-дәрігері Динара Айтымова: "Отбасымызға баспана беріліп жатқанына өте қуаныштымын. Біздің еңбегімізді бағалап, осындай сый-сыяпат жасап жатыр. Ол үшін мемлекетке алғысымыз шексіз. Оның үстіне қазір елімізде медицина саласы алға басуда", - деп телеарнаға сұхбат берді.
Көп қабатты тұрғын үй аурухана жанынан бой көтерді. Бұл өз кезегінде дәрігерлерге өте ыңғайлы. Жаңа баспана болашақта кадр тапшылығы мәселесінің шешілуіне де оң ықпалын тигізбек. Аталған үйлердің құрылысына 387 миллион теңге қаржы жұмсалды. Қаражат облыстық бюджеттен бөлінді. Кәсіби мереке қарсаңында Динара мен Біржан секілді көкшетаулық 34 отбасы қоныс тойын тойлады.