- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кітапханадағы өрт
Көкшетаудағы өрттен облыстық кітапханада 50 мыңнан астам кітап бүлінді
Көкшетауда күні кеше ғана күрделі жөндеуден өткен облыстық кітапхана отқа оранды. Ашылғанына бір ай да болмаған ғимараттағы кітаптардың өртеніп жатқанын еден жуушы көріп, өртсөндірушілерді шақырған. Тілсіз жау дер кезінде ауыздықталғанымен, 50 мыңнан аса кітап бүлінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
"Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана өртенді. Қызыл жалын кітаптар мен сөрелерді шарпып, он шаршы метрді қамтыған. Өрт сөндіруге №3 жоғары ранг қызметкерлері барып, өртті 50 минут ішінде ауыздықтаған. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр", - деді Ерсайын Қойшыбаев Ақмола облысы ТЖД ресми өкілі.
Былтыр ғана облыс бюджетінен 500 миллион теңге қаражат бөлініп, толық жөнделген. Тілсіз жау нысанның абонемент бөлімінен тұтанған. Небәрі он шаршы метрді шарпыған қызыл жалыннан 70 мың кітаптың жартысы жанып кетсе, көбі өртсөндірушілер шашқан судан малмандай су болған. Сондай-ақ көне кітаптар мен жаңа жиһаздарды ыс басып қалды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет