Көкшетаудағы жатақханада ер кісі екі адамды пышақтап тастады. Күдікті қылмыс жасағанын өзі мойындаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақмола облысы полиция департаментінің хабарынша, оқиға 8 ақпанда сағат 18:00 шамасында Көкшетаудағы жатақханалардың бірінде болған. Өлтіру фактісі бойынша полицейлер ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі (кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады.
Материалдарды алғашқы жинау барысында күдікті мен оның екі танысы, 1936 жылы туған ер адам мен 55 жастағы әйелдің ішімдік ішкендері анықталды. Отырыс барысында ерлер арасында жанжал туындап, соңында күдікті егде жастағы ер адамға, содан кейін әйелге бірнеше рет пышақ салған. Кейін, қылмысты жасаған пышақтан құтылып, күдіктінің өзі "102" арнайы желісіне қоңырау шалып, жақын маңдағы постқа келді", - делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеу аясында полицейлер күдіктінің осыған ұқсас қылмысы үшін бұрын сотталғанын анықтады. 2008 жылы кісі өлтіргені үшін ол 8 жылға бас бостандығынан айырылған, ал босатылғаннан кейін Ақмола облысы мен Көкшетау қаласының аумағында тұрған.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!