Көкшетауда автосалоннан 30 млн теңгеге жуық ақша ұрлаған менеджер анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
23 тамызда Көкшетау полициясына ірі соманы ұрлау туралы арызбен жергілікті автосалондардың бірінің директоры жүгінді. Кәсіпкердің айтуынша, бейтаныс адамдар алдыңғы түні бухгалтерлік кабинетке кіріп, қолма-қол ақша мен құжаттамасы бар сейфті ұрлап кеткен.
Бұл фактіні полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі ("Ұрлық") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркеді.
Қылмысты ашу үшін криминалдық полиция мен тергеу қызметкерлері арасынан арнайы топ құрылды, бірқатар жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Автосалонның қызметкерлері мен клиенттері тексерілді, үй-жайларда да, сыртқы периметрі бойынша да орнатылған бейнекамералардың деректері зерделенді.
Күдікті 26 жастағы менеджер болып шықты. Жауап алу кезінде ұсталған адам жұмыс күнінен кейін барлық бейнекамераны өшіріп, бухгалтер кабинетінің есігін бұзып, металл сейфті ұрлап кеткенін айтты. Кейінірек ер адам сейфті кесіп, сол жерден ақша қаражатының бір бөлігін алып, оның 22,8 миллион теңгесін өзінің банктік шотына аударған, ал қалған 4 миллион теңгесін жасырып қойған.
Тергеу іс-шаралары барысында полиция ұрланған ақша мен сейфті тәркіледі. Жалпы алғанда, сома шамамен 30 миллион теңгедей болған. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр, қылмыстың барлық жағдайлары нақтыланады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!