Көкшетауда замануи үлгiдегi демалыс жəне мəдениет саябағы салынуда

Көкшетауда замануи үлгiдегi демалыс жəне мəдениет саябағы салынуда
Фото: akmo.gov.kz

Көкшетауда замануи үлгiдегi шаңғы жолы бар демалыс жəне мəдениет саябағы салынуда. Бұл туралы облыс әкiмi Сергей Кулагиннiң Көкшетаудағы бiрқатар әлеуметтiк-өндiрiстiк нысандардың жұмысымен танысуы барысында айтылды, деп хабарлады Ақмола облысының ресми интернет-ресурсы.

Еске сала кетейiк, облыс орталығындағы бiр кездерi кеңес үкiметi үшiн күрескен революционер аты берiлген саябақ соңғы жылдары қараусыз қалған болатын. Облыс əкiмiнiң тапсырмасына сəйкес биылдан бастап қала əкiмдiгi аталған нысанды қалпына келтiрудi қолға алды. Қазiргi кезде, мұнда əкiмшiлiк тұрмыстық корпустың құрылысы жүргiзiлуде. Қала басшылығының мəлiметi бойынша аталған ғимараттың құрылысын аяқтау үшiн 25 миллион теңге қаржы қажет көрiнедi. Облыс əкiмi бұл қаржы жақын күндерi берiлетiнiн айтты. Оған қоса, қала басшылығына саябақтағы өзге нысандардың құрылысы мен қалпына келтiру жұмыстарын заманауи үлгiде халықтың демалуына барлық мүмкiндiктi қарастырып жүргiзудi тапсырды.

«Саябақты шiрiген ағаштардан тазартып, қосымша тез өсетiн ағаш көшеттерiн отырғызу және демалып отыратын орындықтар орнату қажет. Сонымен қатар саябақтың жер бедерiн тиiмдi пайдалана отырып, шаңғы, жүгiру және велосипед жолдарын салу керек. Мұнда тұрғындардың отбасымен келiп демалып, көңiл көтеруi үшiн қажеттi қызмет пен инфрақұрылымның барлығы қарастырылуы қажет», — дедi облыс әкiмi Сергей Кулагин.

Осы ретте аймақ басшысы қала басшыларына осындай саябақтары бар Астананың тәжiрибесiн зерттеп, ең жақсы деген нұсқалары бойынша жұмыс iстеудi тапсырды.

 

T. Кіршібаев