Көкшетауда таңертең жеке тұрғын үй өртенді. Оқиға орнына жеткен өртсөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтап, жойқын жарылыстың алдын алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Құтқарушылар өртті сөндіріп, жалынның көрші құрылыстарға таралуына жол бермеді.
"Өртті сөндіру барысында ТЖМ қызметкерлері үй ішінен көлемі 27 литрлік үш газ баллонын сыртқа шығарып, ықтимал жарылыстың алдын алды", - делінген ТЖМ хабарламасында.
Өрттің жалпы аумағы 168 шаршы метр болды. Зардап шеккендер жоқ. Тілсіз жаудың шығу себебі анықталып жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!