Көкшетауда су тасқынына қатысты жағдай тұрақталды - ТЖМ

Көкшетауда су тасқынына қатысты жағдай тұрақталды - ТЖМ
Фото: ТЖМ

Төтенше жағдайлар министрлігі өкілі Көкшетауда су тасқынына қатысты жағдай тұрақталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Құтқарушылар мен ЖАО су тасқынына қарсы негізгі жұмыстарды аяқтаған. Жамбыл облысы ТЖД тарапынан жұмылдырылған күштер мен топтар алдын ала Атбасар қаласына жіберілді.

"Бүгінгі таңда жедел штаб жұмысын әлі де жалғастырып жатыр. 6 жерде Қылшақты өзенінің деңгейін бақылау үшін өлшеуіш құрылғылар орнатылды. Еріген суды сору жұмыстары жалғасып жатыр. Көкшетаулық құтқарушылар мен ЖАО қызметкерлері жоғары дайындық режимінде", - деді ведомство өкілі.

Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланғаны хабарланды.

Бұл туралы Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса мәлімдеді. Мұндай шешім қаланы қақ ортасынан кесіп өтетін Қылшақты өзенінің арнасынан асып кетіп, маңындағы үйлер мен көшелерді тұтастай су басқанына байланысты қабылданған еді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова