Көкшетауда су құбыры жарылып көше ортасында су атқылады

Көкшетауда Назарбаев көшесінің бойында су құбыры жарылып тұтас көше бойы үлкен көлге айналды. Қазіргі уақытта коммуналдық кәсіпорындар, төтенше жағдай қызметкерлері мен полицейлер оқиға орнында жұмыс жүргізуде, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қала әкімдігі қаланың ең негізгі көшесіндегі су құбырының жарылу себебін гидранттың ақауынан болғанын хабарлады.

"Бүгін Назарбаев көшесі бойында гидранттарда ақау пайда болды. Себеп-салдарын анықтау үшін Көкшетау қаласы әкімі Б.Ғайса оқиға орнына барды. Ақауды жоюға "Су арнасы" мекемесі мен Өрт сөндіру қызметкерлері жұмылдырылды. Қазіргі уақытта су серпіні тоқтатылды, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде", - деді Көкшетау қаласы әкімдігінен.

Қала әкімдігінің мәліметінше қала бойынша осы жылы 23 гидрант және келесі 77 гидрант ауыстырылмақ.

Қала тұрғындары белшесінен су кешіп жұмыс істеп жатқан жұмысшыларға аяушылық білдіріп, оларға сыйақы төленуін сұрады.

"Жігіттерге сыйақы берілсін", "Ауыр жұмыс. Осынша ауыр жұмыс үшін тиісті ақы төленеді деген үміттемін", "Алла күш қуат берсін осы кісілерге" деп жазды тұрғындар.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!