Көкшетауда облыстың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты мен қала сотының ғимаратына бомба қойылғаны туралы екі хабарлама келіп түскен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл деректі Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі растаған.
Полиция мәліметінше, бомба туралы хабарлама 10 минут айырмашылықпен түскен.
"Адамдар эвакуацияланды, ғимарат тексерілді, құрылғылар табылған жоқ", - деді полицейлер.
ПД өкілі екі дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалатынын айтты.
Желіде оқиға орнынан видео пайда болды. 716.kz ақпараттық порталының мәліметінше, қылмыстық сот қызметкерлерінің бірі жұмысқа келіп, поштаны тексергенде, сот ғимаратына жарылғыш зат салынғаны жазылған хат тапқанын айтқан. Ол дереу полиция шақырған.