Ақмола облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы автомобиль бейнетіркегішінің бір данасын жарты миллион теңгеден аса сомаға сатып алмақ болған. Бұл туралы мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізен "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола филиалының директоры Ерлаз Жайықбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қоғамдық бірлестік өкілі жедел жәрдем стансасының ісін сынға алған.
"Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы - мемлекеттік сатып алу порталындағы №61646684 жоспарының пунктінің авторы. Оған сәйкес облыстық жедел жәрдем стансасы жалпы сомасы 42 миллион 500 мың теңгеге 80 дана "Автомобиль бейнетіркегішін" сатып алуды жоспарлаған. Яғни бір бейнетіркегішті 531 250 теңгеге бағалап отыр. Мүмкін, денсаулық сақтау жүйесінде барлық мәселе таусылып, бейнетіркегіштер ғана қалған шығар", - дейді Ерлаз Жайықбаев.
Қоғамдық бірлестік өкілдері kaspi.kz интернет дүкенінен тапсырыс берушінің талабынан еш кем түспейтін, бірақ бірнеше есе бағасы төмен бейнетіркегіштерді іздеп тапқанын жеткізді.
"Жақсылап іздесе, басқа сауда алаңдарында едәуір сай келетін басқа нұсқаларды да табуға болады. Full HD, жад картасын қолдау, ГЛОНАСС және тағы басқаларын әлдеқайда төмен ақшаға сатып алуға болады", - дейді Ерлаз Жайықбаев.
Бұл жағдайға қатысты Ақмола облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы өкілі ресми пікір білдірді. Оның сөзінше, бұл соманың алдын ала жоспарланғанын, соңғы құны мемлекеттік сатып алу кезінде белгілі болады.
"Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылдың 30 желтоқсанындағы "Медициналық қызметкерлер мен емделушілердің құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында медициналық ұйымдарда қолданылатын техникалық бақылау құралдары, фото-және видеоаппаратураларды қолдану ережесі" ҚР ДСМ-335/2020 бұйрығына сәйкес техникалық бақылау құралдары, фото және бейнеаппаратураларды қолдану оның ішінде жедел жәрдем қызметі бригадаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жылжымалы медициналық кешендерде қолдану емделушілерге қызмет көрсеткен орындардан оны стационарға тасымалдап қабылдау бөліміндегі медициналық қызметкерлерге тапсырғанға дейінгі әрекеттер аумағының бақылау мүмкіндігі қажеттілігімен анықталады. Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы биыл 23 мамырдағы №199-ОД бұйрығымен жоспарға №61646684 80 дана комплект автокөлік бейнетіркегіші бекітілген. Мемлекеттік жоспарға өзгерістер енгізу бекітілген бюджеттік өтінім негізінде қабылданған. Қажет бейнетіркегіштердің нарықтық құны бір тіркегіш үшін емес санитариялық автокөлікке орнату үшін автомобильдегі бейнетіркеу жүйесі үшін көрсетілген. Бір комплектінің талап етілген сипаттамасы мемлекеттік сатып алу хабарламасына жариялау кезінде техникалық сипаттамасында көрсетілетін болады. Бір комплект үшін бөлінген сома жоспарланған. Соңғы құны сатып алу қорытындысын өткізу кезінде белгілі болады. Сатып алу әдісі алдын ала іріктеу конкурсы бойынша өткізіледі", - дейді Ақмола облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы өкілі.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!