Көкшеде атақты ағартушы, тарихи ірі тұлғалардың бірі Науан Хазірет жатқан бейіттің басына гүлзар ретінде отырғызылған мыңнан аса ағаш көшетінің жартысынан астамы оталып, қазып тасталған. Қазір бұл іс Ақмола облыстық сотында қаралып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Көкшетау қаласында орналасқан ұлы тұлға бейітінде Сәкен Сейфуллиннің ұлы Аян, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің анасы, басқа да ашаршылық жылдары қаза болған адамдар да жерленген. Тарихи тұлғаның ұрпақ санасында қалуын көздеген Науан Хазірет ұрпақтары бейіттің маңына гүлзар салуды ойлап, мыңға жуық ағаш отырғызуды жөн санапты. Алайда ағаштардың оталуы қазір үлкен дауға айналып отыр.
Бұл туралы 40 жылдан аса облыстың орман шаруашылығы саласын басқарған Шабдан Тоқмұрзин айтты. Оның сөзінше, қарамағында қызмет атқарған білікті орманшы Марам Әлиевтің балалары әрі Науан Хазіреттің ұрпақтары өз қаражаттарынан мыңдаған ағаш көшетін отырғызған.
"Бұл істің басы-қасында болдым. Марам Әлиевтің балаларына "сол жерден гүлзар салып, ағаш отырғызу жөн болады" деп ұсыныс айтып едім. Содан 2017 жылы ағаш отырғызу жұмыстары қызу басталып кетті. Қарағай, қайың басқа да сан түрлі ағаштар отырғызылды. Ағаштарға жақсы күтім жасалып, бәрі дереу тамыр тартып өсіп кетті. Алайда 2020 жылы "жол саламын" деп Көкшетау қаласы әкімдігінен қаржы алған "Көкшетауавтодор" компаниясы 25 дана қарағай мен ұсақ жапырақты қарағаштың 450 түбін қопарып, алып кеткен. Қаланы көгалдандыруға назар аударуға тиіс болған қала әкімдігі мен мердігер компанияның бұл әрекеті бізге қатты батып, істі сотқа бердік", - дейді Шабдан Тоқмұрзин.
Оның айтуынша, алғашқыда "Көкшетаудорстрой" ЖШС-і қазылған ағаштарды қайта отырғызып беруге келісімін берген. Дегенмен көшеттердің ондаған миллионнан аса қаражатқа отырғызылғанын естігенде, қалпына келтіруден үзілді-кесілді бас тартқан.
Сот шешіміне сүйенсек, биылғы 26 қаңтарда Бурабай Марамовтың арызымен бұл іс Көкшетау қалалық сотында азаматтық іс ретінде қаралған. Талапкер үш жыл бойы өскен жалпы сомасы 12 миллион теңгеден аса қаражатты компаниядан толықтай өндіріп берілуін талап еткен. Бірақ жол құрылысымен айналысқан компания өздерінің тікелей келісімшарт жобасымен жұмыс істегенін айтып, қаржыны төлеуден бас тартады.
Сот барысында қазып алынған ағаштардың жалпы саны 1963 көшет екені анықталған. Жауапкер сот барысында барлық қазып алынған ағаш көшетінің Көкшетау қаласының мектептері мен мектепке дейінгі мекемелеріне қайта отырғызылғанын көрсеткен.
Алғашқы сот барысында компания ағаштарды толық қазып алғаны расталған. Ал сот жобалық-сметалық құжаттама бойынша жұмыс істеген мердігер компания жауапкершілік алмайды деген қорытындыға келген.
Істің бұлай өрбігеніне наразылық білдірген арыз беруші аппеляциялық шағым түсіріп, іс Ақмола облыстық сотының қайта қарауына түскен. 10 сәуірде сот отырысы болған, ал кейін сот отырысы 17 сәуірге шегерілген.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!