Көкшетауда ауызсу жағдайы - бұрыннан қиын мәселе. Су сапасы нашар. Құбырлардың әбден тозығы жеткен. Қалаға су Сергеев және Шағалалы су қоймасынан жеткізіледі. Су тазарту қондырғысы осыдан 53 жыл бұрын, 1970 жылы пайдалануға берілген. Сондықтан су құбырларының көп бөлігі шіріп, тат басып кеткен. Ауызсу ішуге жарамсыз болған соң қала жұрты көшелерге қойылған автомат сүзгі қондырғыларын қолдануға мәжбүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кейінгі аптадағы суға қатысты жаңалық қала тұрғындарын алаңдатып отыр. 1 наурыздан бастап жеке тұлғаларға 10 пайыз, заңды тұлғалар мен мемлекеттік мекемелерге 20-30 пайыздан су тарифі қымбаттайтыны белгілі болды. Бұл жағдайға қала жұрты наразылық білдіріп жатыр. Өйткені бұл бір ғана мәселе емес. Екі апта бұрын ғана Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің маңында құбыр жарылып, тұтас көше мұз айдынына айналған. Сонымен қатар, вокзал маңындағы Филармония ғимараты мен Абай көшесіндегі 160 үйдің алдында су құбыры жарылды. Тұрғындар су қатқан алаңды "мұз дәуіріне" балаған.
"Су құбырлары әбден тозып кеткен. Шыдамай үнемі жарылады. Бүгінде өзіңіз көріп тұрғандай су көшенің бәрін мұз айдынына айналдырды. Өтетін өткел таппай, әуреге түстік. Судың сапасы да нашар. Есесіне судың тарифі күн санап қымбаттап барады. Бақылауға алып жатқан да ешкім жоқ. Таң атпай "мұз дәуіріне" еніп кеткендей ауыр күй кештік", - дейді Николай Ефимов есімді қала тұрғыны.
Қалалық су арнасы басшылығы мәселені тез арада шешуге ықпал етіп, жарылған су құбырының төтенше жағдай құтқарушыларының көмегімен қалпына келтірілгенін жеткізді.
"Төтенше жағдайлар департаментінің күш-құрылымдарымен бірлесіп, жарылған құбырды қалпына келтірдік. Абай көшесіндегі 160-үй мен қарсы беттегі Филармония ғимараты сусыз қалған. Қалпына келтіріліп, абоненттерге су жіберілді", - дейді "Көкшетау Су Арнасы" коммуналдық кәсіпорнының директоры Юрий Шенгальс.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілі су құбыры жарылып, көше бойына жайылып кеткен суды арнайы мамандандырылған көліктер сорғанын, зардап шеккендер болмағанын жеткізді.
"Төтенше жағдайлар қызметіне Абай көшесіндегі 160-үйдің алдында су құбыры жарылғаны туралы 11 ақпанда 9.49-да хабарланды. Алдын ала ақпарат бойынша диаметрі 150 миллиметр шойын су құбыры жарылған. Жайылған суды сору шарасы жүргізілді. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Құбырдың жарылу себептері мен судан ажыратылған абоненттер саны анықталып жатыр", - дейді Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
Құтқарушылардың мәліметінше, су құбыры жарылуын тоқтатуға 2 мотопомпа, 1 арнайы техника және Көкшетау қаласының "Су Арнасы" коммуналдық мекемесінің 15 жұмысшысы мен 5 техникасы жұмылдырылған.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!