Көкшетауда маңызды операция жүргізілді: екі адам ұсталды

Фото: Видео кадры

Ақмола облысында полиция тағы бір маңызды операция жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жай

Облыс прокуратурасының үйлестіруімен полиция қызметкерлері ақпанда Көкшетау қаласында кәсіпкерді қорқытып, ірі көлемде ақша талап еткен екі бопсалаушыны ұстады. Тергеу барысында күдіктілер жергілікті кәсіпкерден 6 миллион теңге бопсалағаны анықталды.

"Олар заңсыз жолмен пайда табуды көздеп, жәбірленушіні психологиялық қысымға ұшыратқан. Ақша қолдарына түспегенімен, олар жәбірленушіге тиесілі бірнеше телефон мен кеңсе техникасын иемденіп кеткен. Бұл заттар тергеу барысында айғақ ретінде тәркіленді", - деп жазылған хабарламада.

Полиция мәлімдемесі

Полиция қызметкерлері бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру амалдарын бастап, күдіктілерді қамауға алды.

Жедел уәкілдердің мәліметінше, олардың бірі бұрын да бірнеше рет сотталған. Тіпті 2021 жылы дәл осындай қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп шыққан. Алайда түзелудің орнына қайтадан қылмысқа барды.

Қазір құқық қорғау органдары қажет тергеу шараларын жүргізіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget