Көкшетауда көпқабатты үйден өрт шығып, 28 адам эвакуацияланды

Көкшетауда көпқабатты үйден өрт шығып, 28 адам эвакуацияланды
Фото: ТЖД

Көкшетауда көпқабатты үйдің бір пәтерінің балконында өрт шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақмола облысы ТЖД-ға сілтеме жасап.

Өрт Назарбаев даңғылындағы бұрын жатақхана болған бес қабатты үйден шыққан. Алдымен 4-қабаттағы балконнан басталып, кейіннен бір қабат жоғарыдағы балконға тараған.

"ТЖД бөлімшелерінің жедел әрекетінің арқасында өрт дер кезінде сөндірілді. Жоғарғы қабаттарға су жеткізу үшін өртсөндірушілер автосатыны пайдаланды. Бұл сырттан сөндіруге мүмкіндік берді", – делінген ТЖД хабарламасында.

Оқиға орнынан 28 адам, оның ішінде сегіз бала қауіпсіз жерге шығарылды. ТЖД мәліметінше, зардап шеккендер жоқ.

Бұған дейін Астананың орталығындағы сегіз қабатты тұрғын үйде өрт болған еді. Өрт бірінші қабаттағы кафеден бірнеше қабатқа тараған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек
Logotype Massaget