Көкшетауда Застанционный елді мекенінде ("Шанхай" шағын ауданы) екі қызды жеңіл көлік қағып кетті. Оқиға 26-тамыз таңғы сағат сегіз шамасында болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ктк арнасына сілтеме жасап.
Жеке үйдің бейнекамерасына жазылған кадрлардан 10 және 12 жастағы қыздардың велосипедпен жолдың қарсы бетіне өткені көрінеді. Сол сәтте оларды "Тойота" маркалы көлік қағып кеткен.
Балалар дереу ауруханаға жеткізілді: 12 жастағысы тексерістен соң үйіне жіберілсе, 10 жастағы қыз миы шайқалып, бұғанасы сынғандықтан ем қабылдап жатыр.
Полиция департаментінің мәліметінше, жүргізушінің кінәсі анықталмаған – балалар жолдан белгіленбеген жерден өткен. Ата-аналарына шамамен 8 мың теңге айыппұл салынды.
Алайда жергілікті тұрғындар шағын ауданда қауіпсіздік шараларының жоқтығына наразы. Айтуларынша, көше жарығы нашар, шамдардың жартысы істемейді, жаяу жүргінші өткелі аялдамаға жақын орналаспаған, ал жолда жылдамдық шектеуі де қарастырылмаған.
"Бағандар тұр, бірақ көбінің шамы жанбайды. Жарық әлсіз. Жаяу жүргінші жолағын да дұрыс жерге қоймаған. Көліктер қатты жылдамдықпен өтеді, тіпті ауыр жүк көліктері де осында жүреді, - деді тұрғын Лилия Бутова.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!