Көкшетауда көктайғақ пен қатты жел салдарынан мұзға тайып жығылып, қол-аяғы сынып немесе басын жарып жарақат алғандар қатары көбейіп тұр. Кейінгі күндері тіпті қала мектептері өкпек жел мен көктайғақ салдарынан апта бойы қашықтан оқытуға мәжбүр болып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ауа райы күрт жылынуы салдары қала тұрғындарын әбден әбігерге салып тұр. Құлап қалмас үшін аяғын әупірімдеп көтерген жұрт көк мұздан құлап қалмау үшін ілби басады. Оған қоса секундына 25-30 метрге дейін жеткен суық жел білім ошақтарында апта бойы балалардың мектепке бара алмай қашықтан білім алуына әкеп соққан.
Балаларының мектепте оқымай үйде қашықтан оқығанына ата-аналар да алаңдаулы. Олар балалардың үйде қашықтан оқып, тиянақты білім ала алмай жатқанын жеткізді.
"Қазір қит етсе балаларды қашықтан оқыту сәнге айналған сияқты. Әрине, егер қатты аяз яки жел болса түсінікті. Ал қазір ауа райы ашық күндері балаларымыз апта бойы қашықтан оқуға мәжбүр. Төменгі сынып оқушыларының бәрінде бірдей өзінің жеке смартфоны жоқ. Бірақ бірінші сынып оқушыларының өзін міндетті түрде Zoom-мен оқуға мәжбүрлейді. Ата-аналары жұмыстан қалай қалмақ? Бұрындары қатты аяздар болғанда үйде отырып, кейін бағдарламаға қуып жететінбіз. Ал қазір осындай сұмдық болып тұр", - дейді қала тұрғыны Екатерина Гордеева.
Ал қалалық білім бөліміндегілерінің айтуынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты мектепте сабақтар Қазгидрометтің келісімімен қашықтан оқуға ауыстырылған. Бірақ балалар мектепке бармағанымен, барлық тапсырма қашықтан орындалатынын жеткізді.
"Ауа райы қолайсыз болғанымен қала мектептерінде қашықтан оқыту арқылы бағдарламадан қалып жатқан жоқ. Қатты жел мен көшелерде көктайғақ болғандықтан кейінгі аптада 4-5 күн төменгі және жоғары сынып оқушылары қашықтан оқыды. Жалпы талаптарға сәйкес ауа райы температурасы 25 градусқа және одан әрі төмендеген және секундына 10 метрден аса жылдамдықтағы жел болған жағдайда сабақтар болмайды. Ал кейінгі күндері жел жылдамдығы секундына 20-30 метрге дейін қатты соғып тұр. Қазір қатты көктайғақтың салдарынан жарақат алып, ауруханаға жүгінгендердің де қатары артқан", - дейді Көкшетау қалалық білім бөлімінің маманы Айнұр Серікбайқызы.
Қаладағы көктайғақтың аса қатерлі болып тұрғаны соншалық - кейінгі күндері ондаған адам ауруханаға жүгініп, оның бірқатары ауыр жарақат алғаны анықталған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, 25-27 ақпан күндері 129 адам көктайғақта мұзға құлап, ауруханаға жүгінген. Оның ішінде 2 адам травматология және 4 адам нейрохирургия бөліміне жатқызылған. Сондай-ақ, жол бойында Астрахань және Бурабай аудандары аумағында 2 жол апаты болып, 3 адам зардап шеккен.
Көше бойындағы мұз тазартылмағанына шағымданған адамдардың қатары көп болғандықтан, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі өкілдерінен жағдайға қатысты пікір білдіруін сұрадық. Алайда бөлім басшылығы ресми хатсыз ешқандай жауап бермейтінін жеткізді. Алдағы уақытта ресми хатқа жауап бойынша тағы қосымша мәлімет береміз.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!