Көкшетауда қала әкімдігі 169 миллион теңгенің гаражына тапсырыс берген

Көкшетауда қала әкімдігі 169 миллион теңгенің гаражына тапсырыс берген
Фото: Автордан

Көкшетауда қаланы сумен қамтамасыз ететін "Көкшетау Су Арнасы" коммуналдық кәсіпорны 169 миллион теңгеге гараж сатып алмақ болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мәлім етті. Компания 12 көлікке арналған модульды гараж сатып алмақ болған. Мемлекеттік сатып алу порталына гараж бағасын 169 миллион теңгеге бағалапты. "Сатып алудың бірыңғай терезесі" жүйесі арқылы мониторинг жүргізген департамент өрескел заңбұзушылықты анықтаған.

"Мониторинг нәтижелері мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың жоспарланған тауарларға, жұмыстарға және қызметтерге бағаны негізсіз көтеру фактілерін көрсетті. Мәселен, Көкшетау қалалық әкімдігі жанындағы "Көкшетау Су Арнасы" кәсіпорны 169,5 миллион теңгеге 12 модульдік гаражын сатып алмақ болған. Ал оның нарықтық құны 108 миллион теңге. Департаменттің уақытылы жіберген ұсынысының арқасында аталған ұйым мемлекеттік сатып алудан бас тартты. Осылайша 169,5 миллион теңге бюджет қаржысы үнемделді", - дейді департамент басшысы Асхат Оразхан.

Өңірде жыл басынан бері ғана облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментімен 1 миллиард теңгеден астам бюджет қаржысы үнемделген.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы