Көкшетауда ЖЭО-ны неге ресейлік компания салады?

Көкшетауда ЖЭО-ны неге ресейлік компания салады?
Фото: depositphotos.com

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетаудағы ЖЭО құрылысына қатысты ақпарат берді. Ахметжанов бұл нысанды неге ресейлік компания салатынын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өңір әкімі қазір құрылыстың белсенді кезеңі жүріп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ЖЭО салынатын жер де анықталған.

"Жеткізушіні таңдау мәселесінде таңдау ресейлік компанияға түсті. Оны Үкімет 7 пайыз көлемінде субсидиялайды. 20 жылға 7 пайыз субсидия ұсынатын басқа компания жоқ. Сонымен қатар бұл компанияның зор технологиялық тәжірибесі бар. Келісім жасалды. Жазда ЖЭО құрылысының белсенді кезеңі басталады", - деді Ахметжанов.

Марат Ахметжановтың сөзінше, биыл Степногорск қаласында 8 шақырым желі жөнделді, бұл желілердің тозуын 82 пайыздан 73 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Осы сияқты жұмыстар Атбасарда да жүргізілген.

"Жылу көздері мен желілері бойынша жоспарланған жұмыстар 100 пайызға орындалды", - деді Ақмола облысының әкімі.

Еске салайық, бұған дейін Ресей Қазақстанда жылу электр орталықтарын салатыны хабарланды. Мәжіліс тиісті заң жобасын жұмысқа қабылдады. 

Осы келісім шеңберінде Көкшетау (болжалды қуаты 248 МВт), Семей (360 МВт) және Өскемен (360 МВт) қалаларында көмір өндіру негізінде ЖЭС салу жоспарланып отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова