Көкшетаудағы Бармашин шағынауданында ескі казак бейітінде адамның бассүйегі салынған пакет табылды. Бұл жағдай қала тұрғындарын шошытты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға 24 сәуірде болған. Бейіт маңында жүрген бір топ полиция қызметкері тұрғындарды алаңдатты. Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері бұл жайтқа қатысты пікір білдірді.
Полиция мәліметінше, Көкшетау қалалық полиция басқармасына тұрғын хабарласып, Бармашино маңындағы бейітке жақын аллеяда адамның бассүйегі мен сүйектері салынған пакет табылғанын хабарлаған. Оның айтуынша, пакет бейітте тазарту жұмыстарын жүргізген кезде тауып алынған.
"Бұл дерек бойынша жедел тергеу тобы аттанды. Тексеріс барысында пакет ішінде расында да, адам сүйектері екені анықталды. Сот медициналық сараптамасы тағайындалды. Оның нәтижесі бойынша процестік шешім қабылданады", - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!