Көкшетауда эскалаторға аяғын қысып алған әйел бес башпайынан айырылды

Көкшетауда орталық базардың екінші қабатынан эскалатормен түсіп бара жатқан әйел аяғын қысып алып алған. Оның башпайларын эскалатор сатысы езіп тастаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға кеше 12:00 шамасында болған. Куәгерлер дереу жедел жәрдем шақыртқан. Зардап шеккен әйел дереу облыстық ауруханаға жеткізілген. 

Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Көкшетау полиция басқармасына болған жағдайды көпбейінді облыстық аурухананың қабылдау бөлімінен телефон арқылы хабарлаған. 

"Ауруханадан Щучинск қаласының 67 жастағы тұрғыны сол жақ аяғының 1-2, 4 бақайларының ашық сынығы" диагнозымен түскені айтылды. Әйел эскалатормен төмен түсіп келе жатқанда жарақат алған. Әйелдің айтуынша, өзінің алдында сүрініп құлаған адамды көтермек болғанда аяғы эскалатор баспалдақтарының арасына қысылып қалған. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр", - деді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук. 

Massaget.kz тілшісі облыстық ауруханаға зардап шеккен әйелдің жағдайын білмек болып хабарластық. 

"21 сәуір күні күндізгі сағат 14:00-де 67 жастағы әйел жедел жәрдеммен облыстық аурухананың дәрігерлік жәрдем беру пунктіне жеткізілді. Ауруханада әйелді травмотолог дәрігер қарап, алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Екпе салынып, жарақаты таңылды. Оған "сол жақ табанының ауыр жарақаты, табан сүйектерінің 2,3,4 бақайларының ашық сынуы, сол жақ табаны терісінің кең жарасы" диагнозы қойылды. Емделуші Астанадағы көпбейінді ауруханасының күйік және қалпына келтіру хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Павел Кутниковтың келісімімен одан әрі емдеу үшін жіберілді. Енді оған қалпына келтіру отасын жасап, жарақаттарын тері қиықтарымен жабу арқылы хирургиялық ота жасау жоспарланған", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі. 

Дәрігерлердің айтуынша, қазір емделушінің жағдайы орташа. Есін біледі.  Полиция оқиға бойынша тексеруді бастаған. 


Абзал Алпысбайұлы 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!