Көкшетауда отбасылық жағдайдан зардап шеккен баланың ата-анасы дәрігерлерге шабуыл жасап, олардың үстінен арыз жазған. Олар үш жасар баласының үш саусағына ампутация жасаған мамандарға ашуланған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Nayzakokshe парақшасы желіде жариялады.
Баланың ата-анасының айтуынша, оның қолының үстіне ауыр зат құлаған. Ата-анасы баланы Ақмола облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Ауыр соққыдан баланың үш саусағының сүйектері сынып, тек терісіне ілулі күйде қалған. Жағдайды ушықтырмау үшін баланы операцияға, яғни ампутацияға дайындау туралы шешім қабылданды. Жансақтау бөліміне жеткізілген баланың артынан ата-анасы да кіріп барған. Оқиғадан шок алған ата-анасы емханада дау шығарып, эмоцияларына ерік берген. Олардың әр әрекеті мен айтқан балағат сөздері аурухана камерасына жазылып қалған.
Баланың ата-анасы жансақтау бөліміне баса-көктеп кіріп, есіктің магниттік құлпын бұзып, палата маңында бүлік шығарған. Дәрігерлерді балағаттап, оларға шабуыл жасаған баланың әкесі дәрігер жігіттің жағасынан алған. Дәрігерлер оларға баланы аман алып қалу үшін сол сәтте ампутацияның неліктен маңызды екенін түсіндіруге тырысқан.
Нәтижесінде екі тарап та полицияға арыз жазды.
"Материал Ақмола облысы денсаулық сақтау департаментінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментіне жолданды. Тексеру қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Ата-аналардың заңсыз әрекеттеріне қатысты медициналық қызметкерлердің арызы қаралады. Тексеріс жүргізіліп жатыр", - деп түсіндірді Ақмола облысы полиция департаменті.
Медицина қызметкерлеріне қызметтік міндеттерін орындау кезінде құрметсіздік көрсеткені үшін құқықбұзушыға 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе он тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!