Көкшетауда дүкендердің бірінде мектеп оқушылары мен жасөспірімдерге акциямен электрон темекі сатылған. Балалар дүкеннің сыртына дейін ұзынсонар кезекке тұрған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы қала тұрғыны Мерген Тоқсанбай Facebook желісіндегі парақшасында жариялады. Видеода балалар дүкен алдында ұзынсонар кезекке тұрғаны көрінеді.
"Біздің үйдің жанында осындай бір дүкен бар, "одноразкалар" сататын. Оқушы балалар, қыздар - бәрі осында кезекте тұр. Бәрі жалынып "ағай, "одноразка" алып беріңізші. Үстінен 500 теңге, 1000 теңге төлеймін" деп алдымнан шықты. "Ағай, өтініш" деп жүрген балалардың бәрі жалынып, осы жерде кезекте тұр. Ана жерден өте алмайсың. Бұл балалардың ата-аналары қайда екен? Мұны біле ме екен?" - дейді Мергей Тоқсанбай.
Қала тұрғынының айтуынша, бағасы 2500-3000 теңгеден басталатын электрон темекі дүкенде акцияға шығарылған.
"Біз полицияға хабарласып мән-жайды айттық. Енді полиция істі тергеуі тиіс", - дейді Мерген Тоқсанбай.
Бұл мәселе бойынша Ақмола облысы Полиция департаментіне сұраныс жолдадық. Полиция 21 жасқа толмағандарға акция түрінде электрон темекі сатылғанын растады.
"22 сәуірде сағат 10.50 шамасында Көкшетау қаласы полиция басқармасының жедел басқару орталығы қызметкерлері Назарбаев көшесіндегі дүкендердің бірінде адамдар көп жиналғанын байқады. Дереу оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері дүкенде электрон темекі 90 пайыз жеңілдікпен сатылып жатқанын анықтады. Темекі 21 жастан асқан балаларға сатылған. Полиция қызметкерлері акция аяқталғанға дейін сол жерде болды. 21 жасқа толмағандарға сатылуына жол берілмеді", - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!