Көкшетауда дәрігерлерге шабуыл жасаған ерлі-зайыптыға сот үкім шығарды

Көкшетауда дәрігерлерге шабуыл жасаған ерлі-зайыптыға сот үкім шығарды
Фото: Видео кадры

Көкшетауда дәрігерлерге күш көрсеткен еркекті сот екі тәулікке қамады. Ал оның әйелі 118 мың теңге көлемінде айыппұл арқалады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Көкшетау соты дәрігерлерді балағаттап, жағасынан алған ата-аналарға қатысты үкім шығарды. Олар баланың анасына 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни 118 мың теңгедей айыппұл салса, әкесін екі тәулікке қамауға алып, әкімшілік жаза қолданған.

Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда ер адам баласының саусағын кесіп тастаған дәрігерге шабуыл жасағанын жазған едік. Олар үш жасар баласының үш саусағына ампутация жасаған мамандарға ашуланған.

Баланың қолына ауыр зат құлаған. Ата-анасы баланы Ақмола облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Ауыр соққыдан баланың үш саусағының сүйегі сынып, тек терісіне ілулі күйде қалған. Жағдайды ушықтырмау үшін баланы операцияға, яғни ампутацияға дайындау туралы шешім қабылданды. Жансақтау бөліміне жеткізілген баланың артынан ата-анасы да кіріп барған. Осыдан кейін ата-анасы емханада дау шығарған. Олардың бұл әрекеті аурухана камерасына жазылып қалған. 

Ампутация жасаған дәрігерлердің айтуынша, сүйегі мен еті езіліп, тек терісінде ғана ілініп қалған қыздың саусақтарын қалпына келтіру мүмкін болмаған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лес
Logotype Massaget