Көкшетауда 4 жасар бала 39 магнит жұтып қойған

Көкшетауда 4 жасар бала 39 магнит жұтып қойған
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Ақмола облыстық балалар ауруханасының хирургтары Көкшетаудағы төрт жасар баланы құтқаруға бес сағаттай уақыт жұмсады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Nayza Kokshe-ге сілтеме жасап.

2 қаңтарда Зеренді ауданының кішкентай тұрғыны қатты құсып, іші ауырып, аудандық ауруханаға шұғыл жеткізілген. Рентген нәтижесінде оның ішегінен бөгде зат табылды.

Баланың анасының айтуынша, 31 желтоқсанда баласының аузынан бірнеше магнит алған. Алайда бала әлдеқайда көп магнит жұтып қойған болып шықты. Бала алғашында құсқанда, ата-анасы айтарлықтай ештеңе болмады деп ойлаған, олар мұның себебі жаңа жылда шамадан тыс тамақ жегенімен байланысты деп ойлаған. Бірақ баланың жағдайы нашарлап, үшінші күні ғана оны ауруханаға алып келген.

"Баланы тез арада тексеріп, жансақтау бөліміне орналастырдық, өйткені шұғыл ота қажет болды. Себебі уақыт өтіп кеткен, бөгде заттар жуан және жіңішке ішекке таралып үлгерген. Лапароскопиялық монитор арқылы 39 магнит алып шықтық. Үш күннің ішінде олар ішекті зақымдап, жуан және жіңішке ішекте тесік қалдырып үлгерген. Бұл ота барысын қиындатты. Ота бес сағатқа созылды. Одан бөлек, бұл жағдайда перитонит пайда болды. Яғни осы жарақаттардан пайда болған ірің ішекке таралып кеткен", - деді балалар хирургы Сәлімжан Жақыпов.

Оның айтуынша, жарты жыл ішінде бұл - осындай үшінші жағдай. Бірақ бұған дейін 12 және 24 магнит жұтқан оқиғалар болған. Бұл жолы шамамен 40 магнит болды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова