Көкшетауда №10 бағыттағы автобус жүргізушісі мен екі жолаушы арасында жанжал шықты. Аялдамалардың бірінде басталған сөзге келіспеушілік төбелеске ұласып, оқиғаның видеосы әлеуметтік желіге тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі sinegor.kz-ке слтеме жасап.
Кейбір куәгерлердің айтуынша, жанжал жүргізушінің жолаушылардан өзгелерге кедергі келтірмей, салонның алдыңғы жағына қарай жылжуды сұрауынан басталған. Желі қолданушыларының бір бөлігі екі жолаушының мас болғанын және жүргізушінің ескертуін жақтырмағанын жазды.
Автобустағы төбелес қала тұрғындары арасында қызу талқыланды. Бірі жолаушылардың әрекетіне наразылық білдірсе, енді бірі жүргізушінің ісін сынға алды. Оқиғаға қатысты видео Instagram желісіндегі region03.kz парақшасында жарияланды.
Желіде тараған төбелеске полиция да назар аударып, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің журналистерге берген мәліметінше, жолаушылардың бірі автобус жүргізушісінің бетінен ұрғаны анықталған. Алайда зардап шеккен жүргізуші бұл жағдайға байланысты ешкімге шара қолданбауды сұрап, арыз жазған.
Соған қарамастан, жүргізушіні ұрған ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция қандай да бір келіспеушілікті жұдырықпен емес, заң аясында шешу керегін ескертті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз