Көкшетауда 39 мысық асырайтын әйел көршілерінің наразылығын туғызды

Көкшетаудағы шағынаудандарының бірінің тұрғындары мысық асырайтын көршісінің әрекетіне шағымданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Даудың басы қайдан шықты?

Юбилейный шағынауданындағы 41а үйде тұратын тұрғындар редакцияға хабарласып, жылдар бойы маза жоқ екенін жеткізді. Тұрғындардың сөзінше, көпқабатты үйде тұратын әйел 39 мысық асырайды. Салдарынан қолқаны қабатын иіс тұрғын үйдің бүкіл кіреберісін алып кеткен. Тұрғындар жағымсыз иістен әбден қажығанын айтады.

Олар бірнеше жылдан бері "мысықтардың пәтеріне айналған" үйдің иесімен айқасқанымен, еш нәтиже болмапты. Тіпті олар құзырлы органдар мен полицияға да жүгінген, алайда пайдасы болмапты.

"Юбилейный 41а шағынауданы, 1 кіреберістің 11-пәтері ұзақ жылдан бері жануарлардың "баспанасына" айналды. Аядай ғана екі бөлме болғанымен, көрші әйел жаңа мысықтарға да орын табады. Иесінің жасы егде тартқандықтан, мысықтардан пайда болған лас жерлерді тазалай да алмайды. Сондықтан кіреберіске, тіпті пәтерлеріміздің ішіне дейін қолқаны қабатын сасық иіс тарайды. Мысықтармен жасалған тәжірибеден денсаулыққа аса зиян аммиак бөлінеді екен. Құзырлы органдарға жүгінгенімізбен, әзірге ешқандай нәтижесі болмай тұр", - дейді қала тұрғыны Галина Файзуллаева.

Қандай шара қолданылды?

Құзырлы органдар баспана жекеменшік болғандықтан, үйге кіруге ешқандай негіз болмағанын алға тартты. Ал тұрғын үйге барып тексеріс жүргізген санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары зиян аммиактың қалыпты мөлшерден үш есе көбейіп кеткенін растады. Мамандар бұл тұрғындардың денсаулығына айтарлықтай зиян екенін айтады.

"Тұрғын үйге арнайы барып, жабық жайда ауадағы зиян заттарға 12 өлшеу жүргізілді. Оның ішінде 3 өлшеу бойынша аммиак бекітілген шекті мөлшерден бірнеше есе көп екені анықталды. Дегенмен азаматтық-құқықтық даулар тек сот тәртібінде шешіледі", - дейді Ақмола облысының санитарлық эпидемиологиялық қызмет өкілі.

Абзал Алпысбайұлы

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!