Көкшетау тұрғыны танысының телефонын ұрлап, депозиттегі ақшасын құмар ойынға салып жіберген

Көкшетау тұрғыны танысының телефонын ұрлап, депозиттегі ақшасын құмар ойынға салып жіберген
Фото: depositphotos.com

Көкшетауда телефон мен ірі көлемдегі қаражат ұрлануына байланысты соталды тергеу басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

10 шілдеде Көкшетау қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын жүгінген. Ол телефоны мен ақшасы жоғалғанын хабарлаған. Келтірілген шығынның жалпы көлемі - шамамен 2,6 млн теңге.

Тергеу барысында полицейлер 2007 жылы туған жәбірленушінің iPhone 15 ұялы телефоны жоғалғанын анықтаған. Алдын ала мәліметке сәйкес құрылғыдағы банк қосымшасындағы депозитте шамамен 2 млн теңге сақталған.

Тосын оқиғаға дейін жігіт танысымен бірге уақыт өткізген. Ол келесі күні таңертең танысымен байланыса алмаған. Кейін жәбірленуші ұялы телефоны жоғалғанын және депозиттегі шотынан ақша шешілгенін байқаған.

"Полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдіктіні анықтады. Алдын ала ақпарат бойынша күдікті иемденген ақшаны құмар ойынға жұмсап, ұтылып қалған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді Ақмола облысы ПД өкілі.

Тергеу нәтижесінде қолданыстағы заңнамаға сай процессуалдық шешім қабылданады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget