Көкшетау егеуқұйрықтардан қашан құтылады? Мәселеге орай қалалық ТҮКШ бөлімі жауап берді

Көкшетау егеуқұйрықтардан қашан құтылады? Мәселеге орай қалалық ТҮКШ бөлімі жауап берді

Көкшетауда қоқыс контейнерлерін егеуқұйрықтар басып кеткенін жазғанбыз. Аталған мәселе бойынша қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ресми хат сұрағанынан тұрақты оқырмандарымыз хабардар. Арада бірнеше күн өткенде ведомстводан тиісті сауалдарымызға жауап алдық, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство басшылығының мәліметінше өткен жылы қаладағы қоқыс контейнерлеріндегі қаптап кеткен егеуқұйрықтарға дератизация жасауға электрондық сауда алаңында ашық конкурс өткізіліп, 782 745 теңге сомасына шарт жасалып art Stroy NS компаниясына берілген. Мердігер компания былтыр 220 қоқыс контейнерінде кеміргіштерді жою үшін кешенді шаралар жүргізген.

Ал биылғы жылға егеуқұйрықтарға дератизациялық жою жұмыстары үшін 1 071 429 теңге қаражат бөлініп, конкурстық рәсімдер жарияланыпты. Алайда конкурс нәтижесі тек наурыз айының басында ғана белгілі болатындықтан оған дейін егеуқұйрықтарды жою  басы ашық күйде қалады.

"Жұмыстар "дезинфекцияны, дезинсекцияны және дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы талапқа сәйкес орындалатын болады. Байқау қорытындысы ағымдағы жылдың наурыз айының басында ғана белгілі болады. Осы техникалық ерекшеліктің талаптары бойынша кеміргіштерді жою жөніндегі кешенді шаралар шартқа қол қойылған сәттен бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта меморандумдарда бекітілген ниеттерге сәйкес "TAZA QYZMET" ЖШС, "ҚТҚ операторы: Көкшетау" ЖШС, "EcoGroup 2020" ЖШС-і, ЖК Елемесов А. Р. Және ЖК А. К.Есенбаевамен қоқыс тазарту жұмыстары жүргізіледі, - дейді Көкшетау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділет Рахымжанов".

Ведомство қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму құнын есептеу кезінде бір тұрғынға айына 500 теңгеден есептелгенін, алайда жергілікті кәсіпорындардың қоқысты сұрыптау және көму мүмкіндігі болмағандықтан 377 теңге, ҚҚС есебімен 438 теңге болып бекітілгенін жеткізді.

Сондай-ақ, ведомство басшылығы қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау мақсатында Көкшетау қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен бірлесіп рейдтер жүргізу жоспарланғанын айтты.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы