“Көкпардан кейін атыс шығарып, жұрттың үрейін ұшырған“. Жамбыл облысында ауыл тұрғынына сот үкімі шықты

“Көкпардан кейін атыс шығарып, жұрттың үрейін ұшырған“. Жамбыл облысында ауыл тұрғынына сот үкімі шықты
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Жамбыл облысында көкпар кезіндегі жанжал атыспен аяқталған. Меркі аудандық соты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Биыл қаңтарда көкпар ойыны кезінде Кеңес ауылының екі тұрғыны арасында жанжал туындап, соңы төбелеске ұласқан. Біраз уақыттан кейін жанжалға қатысушылардың бірі болған оқиға туралы туысына (айыпталушы М.-ға) хабарлаған. Айыпталушы үйіне барып, өз атына заңды түрде тіркелген ИЖ-81 аңшы мылтығын алып, оны резеңке оқпен зарядтап, жәбірленушіні атып, денсаулығына жеңіл зиян келтірген.

Сот мәліметінше, М.-нің әрекеті ауыл тұрғындары арасында үрей туғызып, қоғамдық тыныштық бұзылуына әкеп соққан.

Кінә тараптардың, куәлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденген.

Сот отырысы

Айыпталушы кінәсін толық мойындап, тайып кеткенін және мылтық кездейсоқ атылғанын айтқан. Болған оқиғадан кейін ол жәбірленушіні дереу ауруханаға жеткізіп, көмектескен.

Жәбірленуші М.-ді кешіргенін және оған ешқандай талап қойылмағанын, тараптар татуласқанын мәлімдеген.

Сот үкімі

Сот үкімімен М. ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Алайда ҚК-нің 63-бабы қолданылып, тағайындалған жаза шартты деп танылды.

Үкім заңды күшіне енді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget