- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Көкпардағы дау: Ұлттық...
Көкпардағы дау: Ұлттық құрама мүшелері жауап берді
Ұлттық құрама мүшесі Абылайхан Нышанбеков 12 қыркүйек көкпар финалындағы даудың неден басталғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол БАҚ өкілдеріне арналған брифингте жанкүйерлерге алғыс білдіріп, ойынның тартысты өткеніне тоқталды.
«Көшпенділер ойындары өз мәресіне жетті. Баршаңызға алғысым шексіз. Ойынның барысын өздеріңіз көрдіңіздер. Өте тартысты өтті. Қызық болды. Барлық командалар тыңғылықты дайындалып келген. Жанкүйерлерге, ұлттық құрамадағы бапкерлерге алғысым шексіз», – деді Абылайхан Нышанбеков.
Сондай-ақ ол көкпар ойынындағы дауға тоқталды.
«Көкпар ойынының бірінші кезеңінде оныншы нөмірдегі біздің қорғаушымыз Ұлан Бәйтерек ағамызға қырғыз ойыншысы балағат сөз айтқан. Намысқа тиіп, балағат сөзді көтере алмаған соң, қамшы салғаны рас. Ойын барысында қарғыс та, тартыс та болады. Ат үстінде жүргендіктен, қызуқанды халықпыз ғой. Ойын барысында болған нәрсе сол жерде қалады деп ойлаймын. Оны Қырғызстан Республикасындағы бауырларымыз әлеуметтік желіге салып, талқылап жатыр екен. Біздің көкпаршыларымыз өздігінен тиіскен жоқ. Ұрған жоқ. Намысқа тигендіктен, қамшы жұмсады», - деді Абылайхан Нышанбеков.
Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының финалында «Ойын әділ өтпеді» деген қырғыздар марапаттау рәсімінің ортасынан кетіп қалды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет