- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Көкөніс шырыны қатерлі...
Көкөніс шырыны қатерлі ісікті емдейтіні рас па?
Желі қолданушылары қатерлі ісік ауруын емдеудің "сенсациялық рецептісін" бөлісіп жатыр. Онда ауруды балдыркөк, ақжелкен, кинза және басқа да шөптерден жасалған көкөніс шырынымен емдеуге болады делінген. Алайда бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі
Қатерлі ісіктен айығудың жылдам әдісі туралы айтылған видеода Джуда Мұхаммед Авад есімді дәрігер бір рецептіні бөліседі. Дәрігерді есімі бойынша Желіден іздеу нәтижесінде Facebook-тегі парақша ғана табылды. Ол 2021 жылғы шілдеде ашылған, онда созылмалы ауырсынудан құтылу, сүйектердің сынуын болдырмау және нақты ауруларды емдеу туралы кеңестері бар бес ұқсас видео шыққан. Парақшада доктор Авадтың қайда оқығаны, қай жерде жұмыс істейтіні және мамандығы қандай екені туралы ақпарат жоқ.
Желіде пациенттерді қабылдайтын осындай дәрігер туралы да ақпарат жоқ. Доктор Авад жазған ғылыми еңбектер де табылмады.
Қатерлі ісікті балдыркөк пен көктің шырынымен емдеуге келетін болсақ, интернеттегі дәрігер ғылыми зерттеулерге, эксперименттерге немесе дәлелді медицина саласында жұмыс істейтін басқа бір дәрігерлерге сүйенбейді.
Алайда АҚШ Ұлттық медицина кітапханасының порталында балдыркөкті обыр жасушаларының кейбір түрлерінің пайда болуына қарсы қолдану туралы бірқатар еңбек бар.
Сипатталған эксперименттің барлығы жануарларда немесе жасуша желілерінде жүргізілген. Қатерлі ісікке шалдыққан адамдарда балдыркөк шырыны бойынша ауқымды клиникалық зерттеулер жүргізілмеген. Яғни, балдыркөк шырыны бір айда қатерлі ісік ауруын емдей алатынына сенімді ғылыми дәлелдер жоқ.
Маманның білім деңгейін, оның қаншалықты сауатты екенін білмей, қатерлі ісік сияқты қауіпті ауруды интернеттегі дәрігерге сеніп емдеген дұрыс емес. Онкологиялық ауруларды дәлелді медицина әдістерін ұстанатын мамандарға барып емделген жөн.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек