- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Көкжөтелдің негізгі белгілері...
Көкжөтелдің негізгі белгілері қандай?
Көкжөтел (коклюш) – жоғары тыныс алу жолдарының шырышты қабықшаларын зақымдайтын жұқпалы ауру. Ағзаға ауа-тамшылы жолмен вordetella pertussis бактериялары түседі де, ол көмекей мен бронхта дамиды. Патогенді микроағзалар бөлетін уыттардың себебінен қабыну реакциясы іске қосылып, булықпа жөтел пайда болады. Аурудың дамуына қарай ол мидағы тыныс алу орталығына әсер етіп, нәтижесінде жөтел күлгенде, ауырғанда немесе сөйлегенде күшеюі мүмкін. Сондай-ақ көкжөтел жүрек-қан тамырлар жүйесіне жағымсыз әсер етеді. Иммунитет әлсіресе, екінші рет осы жұқпаны жұқтырып алуыңыз мүмкін.
Көкжөтел жиі мектеп жасына дейінгі балаларда пайда болады, алайда онымен ересектер де ауыруы мүмкін. Бұл ауру әсіресе, еметін нәрестелерге қауіп төндіреді.
Көкжөтелмен ауыратын адам осы аурудың белгілері пайда болған күннен бастап 25-30 күн бойы басқаларға инфекцияны жұқтыра алады. Көкжөтелден екпе алған адамдарда ол жеңілдеу өтеді.
Көкжөтелдің белгілері
Көкжөтелді жұқтырған адам кейде бірнеше күн, ал кейде екі апта бойы оны байқамауы мүмкін. Бастапқыда ол құрғақ жөтел, сәл температураның көтерілуі және мұрын бітелуімен қатар жүруі мүмкін. Алайда бірнеше күн өткен соң науқасты ұзаққа дейін кетпейтін булықпа жөтел мазалайды.
Оның басқа белгілері:
- Тыныс алғанда шуыл дыбыстың шығуы;
- Кеуде тұсындағы жағымсыз сезім;
- Тамақтың тітіркенуі;
- Жөтелген кезде ауа жетпеу;
- Түнде жөтелдің ушығуы;
- Әлсіздік пен шаршаңқылық;
- Мазасыздық;
- Тәбеттің нашарлауы;
- Тыныс аулдың қысқа уақытқа тоқтап қалуы (әсіресе, кішкентай сәбилерде).
Әдетте, көкжөтел кезінде дене температурасы қатты көтерілмейді, себебі бактериялар терең тіндерге өтпейді. Қалтырау екінші рет жұқпа жұқтыруды білдіруі мүмкін.
Көкжөтелдің пайда болу себептері
Бактерия жөтелгенде немесе сөйлегенде бөлінетін сілекей арқылы жұғады. Сондықтан бұл ауру науқаспен байланыста болған барлық адамдар пайда болуы мүмкн. Әсіресе, көкжөтел балабақшада жылдам таралады. Ал ересектерде кейде бұл ауру еш белгі бермейді, бірақ олар тасымалдаушы болады. Көкжөтелге қарсы туа біткен иммунитет жоқ, сондықтан оны кез келген адам жұқтырып алуы мүмкін. Алайда екпе алған және онымен бұрын ауырған адамдарда қорғаныш қалыптасады.
Қауіп факторларына мыналар жатады:
- 7 жасқа дейінгі балалар;
- Екпенің болмауы;
- Жұқпаны тасымалдаушымен үнемі байланыста болу. Мысалы, ол адаммен бірге тұру немесе онымен білім алу мекемелерінде кездесу.
Егер өзіңізден көкжөтел белгілерін байқасаңыз, дәрігерге көріну керек. Әйтпесе, ол көптеген қауіпті ауруларға, мысалы, пневмония, апноэ, ми гипоксиясы, бронхит, отит және т.б ауруларға әкелуі мүмкін.
Оқи отырыңыз: Түнгі жөтелді қалай басуға болады?
А. Жапатова