Түріктің "Көкжалдар мекені" деген атақты сериалы есіңізде шығар. Басты кейіпкер Полат Алемдар туралы хикаяда мафия, банда және саяси ойындар көрсетілген еді. Massaget.kz тілшісі атақты сериалдың актерлері қазір қайда жүргенін баяндайды.
Телехикаяның түпнұсқа атауы - "Kurtlar Vadisi". Қазақша - "Көкжалдар мекені". Бұл - шытырман оқиғалы, саяси сериал. Телехикаяның слоганы да солай айтып тұр - "Бұл мафия туралы сериал".
"Көкжалдар мекені" - 4 маусым, 97 бөлімнен тұрады. 2003 жылдан бастап түсірілген.
Кейін телехикаяның жалғасы ретінде "Көкжалдар мекені. Террор" түсірілген, бірақ бұл сериалдың көрсетілуіне тыйым салынып, эфирге екі бөлімі ғана шықты.
Артынша, 2007-2016 жылдар аралығында "Көкжалдар мекені. Тұзақта" телехикасы көрсетілді.
Одан бөлек, "Көкжалдар мекенінің" "Ирак", "Палестина" және "Отан" атты бөлек фильмдері көрермендерге жол тартқан.
Телехикая сюжеті бойынша, Әли Кандан - Қоғамдық қауіпсіздік ұйымының қызметкері. Бірқатар сәтті операцияға қатысқан. Кейін оған жаңа тапсырма беріледі - "Көкжалдар мекені" операциясын өткізу. Сол үшін Әли Кандан жол апатынан қаза болғандай етіп ұйымдастырып, ол түрін ауыстырып тастайды. Енді ол - Полат Алемдар. Оның мақсаты - мафияны басқаратын Көкжалдар кеңесін құрту.
Полат Алемдардың ролінде Неджати Шашмаз ойнады. Шашмаз танымал болғанға дейін алты жыл АҚШ-та тұрған. Кейін Түркияға оралып, "Көкжалдар мекеніне" түсті. Бұл - оның актерлік саладағы дебюті.
Оны түркиялықтар Полат Алемдар ретінде таниды. Себебі ол "Көкжалдар мекені" мен оның жалғасына, спин-оффтарына ғана түскен. Одан кейін "Қара жәшік" және "Қарау" сериалдарының режиссері болды.
Неджати Шашмаз екі рет отау құрған. 2001 жылы АҚШ-та жүргенде үйленіп, сол жылы ажырасып кеткен. Кейін 2012 жылы қайта үйленді. 2019 жылы жары екеуі ажырасуға арыз жазып, 2021 жылы іс сотпен аяқталды. Актердің екі ұлы бар.
Қазір түркиялық БАҚ-тар 50 жастағы Шашмаз телехикаяның "Көкжалдар мекені. Хаос" деп аталатын жалғасына түсуге дайындалып жатыр деген ақпарат таратқан. Бірақ әлі ресми хабарланбады.
Полат Алемдардың сүйіктісі Элиф Эйлулді актриса Озгю Намаль сомдады. "Көкжалдар мекеніне" түспес бұрын оннан аса сериалда ойнаған. Бірақ оны танымал еткен - дәл осы "Көкжалдар мекені".
2005 жылы телехикая аяқталған соң Озгю Намаль басқа да картиналарға белсенді түсе берді. Содан кейінгі бес жылда ол екі көпбөлімді сериал мен тоғыз фильмге түсіп үлгерген. Жалпы алғанда, карьерасында 33 туындыда ойнаған.
2020 жылы актрисаның жары жүрек талмасынан қайтыс болды. Содан бері ол халық назарына түспей, жобаларға қатыспайды. Жұрт алдына шықпайды, тек екі баласын тәрбиелеп отыр.
Полат Алемдардың басшысы, Қоғамдық қауіпсіздік ұйымының төрағасы Аслан Акбей ролінде Сельчук Йонтем ойнады. 69 жасқа келген актер әлі де карьерасын жалғастырып жатыр. 2014-2017 жылдар арасында "Миллион кімге бұйырады?" шоуында жүргізуші болды.
Ал 2023 жылы Сельчук Йонтем түскен "Махаббаттың міндетті мақсаты" фильмі шығады. Одан бөлек, ол театр сахналарында да жиі өнер көрсетіп тұрады.
Мафия басшысы, кейін Полат Алемдардың жан досына айналатын Сүлейман Чакырдың ролінде Октай Кайнаржа ойнады. 57 жастағы Октай Түркияның супержұлдызына айналған. "Көкжалдар мекенінен" кейін 18 телехикаяға түсіп үлгерген. Ал биыл Октай басты рольде ойнаған "Мен бұл жалғанға сыймаймын" атты телехикая көрерменге жол тартты.
57 жастағы актер жалпы алғанда 15 фильм мен 28 сериалға түскен.
Сериалда Сүлейман Чакырдың, кейін Полат Алемдардың оң қолы болатын Мемати Башты Гюркан Уйгун сомдады. Гюркан Уйгун "Көкжалдар мекенінің" барлық сериалына, фильміне түсті. Одан бөлек, "Сұлтан Сүлейменде" Осман сәулетшісі Мимар Синанды ойнады. Түріктің көптеген тарихи сериалына түсті. Ал былтыр 48 жастағы актер түскен "Сені іздеп табамын, ұлым" фильмі жарыққа шықты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!