- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қожа Ахмет Ясауи...
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында құрылыс салуға шектеу қойылмақ
Мәжілісте Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң жобасын таныстырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беруді тапсырған. Сондықтан заң жобасын әзірлеу барысында төмендегі факторлар ескерілді:
- Түркістан қаласын Түркі мемлекеттері ұйымымен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде тануы негіз болды;
- Қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі;
- Түркістан қаласының халық санының тез өсуі, яғни соңғы 6 жылда халық саны 60 мыңға өскен.
Сондай-ақ заң жобасын әзірлеу барысында Англия, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан және тағы басқа мемлекеттердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу бойынша тәжірибесі зерттелді.
Бауыржан Омарбеков заң жобасы 4 тараудан және 15 баптан тұратынын жеткізді. Құжаттағы негізгі новеллалар төмендегідей:
- Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру;
- Ұлттық қолөнер саласындағы шеберлерінің шығындардың бір бөлігін бюджеттен өтеу;
- Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау. Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан жүз метрлік қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді;
- Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға ЮНЕСКО-мен келісім бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағында жаңа құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде қала құрылысы жобалары бойынша жаңа құзырет беру;
- Мемлекеттік әлеуметтік объектілерді салу үшін жеке құрылыс салушыларға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын алу және беру бойынша Түркістан қаласы әкімдігіне құзырет беру.
Заң жобасы аясында Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзыретті беру көзделген. Нәтижесінде, қала мәслихатына 7 құзырет беріледі:
- Қала құрылысы регламенті мен қаланың дизайн кодын;
- Сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын;
- Ұлттық қолөнер саласындағы шеберлер шығындарының белгілі бір бөлігін бюджеттен өтеу қағидаларын;
- Бейнебақылау мониторингін жүргізу қағидаларын;
- Көпшілікті тамақтандыру, сауда және қызмет көрсету стационарлық емес объектілерін, жазғы алаңдарды орнату қағидаларын;
- Түркістан қаласының аумағында нышанды пайдалану тәртібін бекіту.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Есен