Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынды

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Үкімет қаулысымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Әзірет Сұлтан" мұражай-қорығы енді мемлекеттік қорғауда болады. ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.

Белгілі тарихи ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұра тізіміне енгізілген алғашқы қазақстандық нысан және ортағасырлық сәулет өнерінің бірегей ескерткіштеріне жатады.

Оның маңыздылығы мен тарихи-мәдени құндылығын ескере отырып, сондай-ақ оның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет "Әзірет Сұлтан" мұражай-қорығын мемлекеттік қорғауға жататын объектілер тізбесіне енгізу туралы шешім қабылдады.

Объектінің қауіпсіздігін ішкі істер органдарының тиісті бөлімшелері қамтамасыз етеді.

Кесене Түркістан қаласында түркі ақыны және сопылық ілімнің негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи жерленген орында тұрғызылған.

Кесене сегіз бөлмеден тұрады. Олар Тайқазан тұрған ортадағы ең үлкен залды айнала орналасқан. 1385-1405 жылдар аралығында кесененің төңірегіне қосалқы ғимараттар салынған. Бүгінде мұражай-қорық аумағына мешіт, Үлкен және Кіші Ақсарай залдары, кітапхана және шаруашылық кешені: құдық, асхана, тұрғынжайлар (хұжралар) және т. б кіреді.

Еске салайық, бұған дейін Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында құрылыс салуға шектеу қойылатынын хабарлаған едік. 16 қыркүйекте Мәжілісте Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң жобасын таныстырды. 

Оның айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беруді тапсырған. Сондықтан заң жобасын әзірлеу барысында төмендегі факторлар ескерілді:

  • Түркістан қаласын Түркі мемлекеттері ұйымымен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде тануы негіз болды;
  • Қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі;
  • Түркістан қаласының халық санының тез өсуі, яғни соңғы 6 жылда халық саны 60 мыңға өскен.

Сондай-ақ заң жобасын әзірлеу барысында – Англия, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан және тағы басқа мемлекеттердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу бойынша тәжірибесі зерттелді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина