- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Көгілдір отын келер...
Көгілдір отын келер күн жақын
Біраз жыл бұрын Алматы қаласының маңындағы елді мекендер көгілдір отынмен қамтамасыз етілсе, 2014 жылы басталған «Алматы – Талдықорған» магистральді газ құбырын салу жобасы өткен жылдан бері қарқын алып, бірқатар қауырт шаруа тындырылды. Нәтижесінде, талдықорғандықтар табиғи газдың қызығын жуық арада көргелі отыр.
Ол облыс орталығы мен оның маңындағы аудан тұрғындарының тіршілігіне серпін беріп, өндіріске өзгеше қан жүгіртеді деп күтілуде. Әсіресе, өңір кәсіпкерлері құбыр газының мазут пен қатты отынға тәуелділіктен құтқарып, сан-салалы кәсіпті өркендетуге жол ашатынына сенімді. Демек, табиғи газдың келуі өлкемізге өзгеше өң кіргізетіндігі анық. Десек те, ауқымды жобаның атқарылуы оңай болған жоқ. Сондықтан осы жобаның жүргізілу барысын тереңірек зерделеп, нақтылы жағдайға талдау жасап көру мақсатында сала мамандарымен пікірлесіп, қатысты мекемелердің жұмыс жағдайымен танысып шықтық.
Облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде облысымызда 741 елді мекенде 2 миллионға жуық адам тіршілік етеді. Десе де, қазіргі шарт-жағдай бойынша 473 елді мекенге қоныстанған бір жарым миллион адамды ғана газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Алдын ала болжам бойынша осы елді мекендерді тұтастай газбен қамту үшін 3,3 мың шақырым газ желісін тарту керек.
Өткен жылдың 1-қаңтарындағы мәлімет бойынша облысымыздағы 66 елді мекендегі 359,5 мың адам газ желісіне қосылған. Ал жыл соңына дейін жүргізілген жұмыс нәтижесінде табиғи газды тұтынатындар саны 446,6 мың адамға жетіп, газбен қамту салыстырмасы облыс бойынша 20,7 пайызға жетті. Ал биыл сол жұмыс жалғасып, 604 мың адам тұратын 98 елді мекенге көгілдір отын келді. Алдағы уақытта жоспарланған 39 елді мекенге газ жетсе облыстың газбен қамту көрсеткіші 29 пайызға көтеріледі.
2014 жылы облысымызда «Алматы – Байсерке – Талғар» магистральді газ құбыры тартылды. Жоба бойынша, оның ұзындығы 64,4 шақырымды, ал құны 7,8 млрд. теңгені құрады. Осы желі арқылы Іле, Талғар аудандарындағы 10 елді мекен көгілдір отынның қызығын көрді. Сонымен қатар, өткен жылы қауырт қолға алынған «Алматы – Талдықорған» магистральді газ құбырының құрылысы аяқталса, облыстың 3 қала, 7 ауданындағы 409,8 мың адам табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. Бүгінде 260 шақырым ұзындықты алып жатқан «Алматы – Талдықорған» магистральді газ құбырының 240 шақырымы төселген. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен «ЖетісуОблГаз» ЖШС-іне 3,0 млрд. теңге бөлініп, ауылдарды газдандыру мақсатында игерілуде. Осы қаржының 2,3 млрд. теңгесі Талдықорған қалаішілік газбен қамту желісінің 1-ші кезеңдік жобасын атқаруға жұмсалады. 440,4 млн. теңге Көксу ауданындағы Балпық би, 272,5 млн. теңге Іле ауданындағы Ақши газ қабылдау, тарату пункттерінің құрылыс жұмысына жұмсалады. Мұнымен қоса өңірлерге газ желілерін тарту үшін облыстық бюджеттен қосымша 546 млн. теңге бөлініп, 6 жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен құрылыс құны 9,1 млрд. теңгені құрайтын 15 елді мекенді газдандыруға арналған жобаның сметалық құжатын жасауға 345,1 млн. теңге бөлініп отыр.
Өңірлерді газдандыруда Қапшағай газ қабылдау, бөлу стансысының құрылысына баса мән берілуде. Аталған нысанның барлық жоспары «Қапшағай аймақтық газ желілері» ЖШС-нің қаражатымен жүргізілуде. Қазірге дейін 1,6 млрд. теңге инвестиция тартылып, 63,1 шақырым қалаішілік газ құбырының желісі орнатылған. Оның 27,0 шақырымы жоғары қысымды, 36,1 шақырымы төмен қысымды құбырлар. Сонымен қатар, Қапшағай қаласының маңында «Қапшағай – Байсерке» магистральді газ құбырын төсеу жұмысы да қыза түскен. Аталған магистральдің қала маңындағы құны 4,4 млрд. теңге болатын 44 шақырымына газ құбырын төсеу міндеті келісімшарт негізінде «КазТрансГаз» АҚ-ға жүктелген. Сондай-ақ, жаңа өлшемге сай қолға алынған Қапшағай қалаішілік 22 шақырым аумаққа d530 санатты жоғары қысымды газ құбырын тарту үшін «Қапшағай аймақтық газ желілері» ЖШС мен «ЖетісуОблГаз» ЖШС меморандумға қол қойды.
Газдандыру жобасы аясында шалғай ауылдарды да көгілдір отынмен қамту көзделіп отыр. Бүгінгі таңда құны 1,94 млрд. теңге болатын Еңбекшіқазақ және Панфилов аудандарының шалғай елді мекендерін газдандыру (Қазақстан – Қытай газ құбыры арқылы) мақсатында салынатын Бәйдібек би, Шелек, Жаркент газ қабылдау, бөлу пункттерінің құрылыс жобасының сметалық құжаттамасы дайындалды. Осыған орай облыстық әкімдік, «КазТрансГаз» АҚ және «PL Cоnstruction» ЖШС арасында үшжақты меморандумға қол қойды. Бұл жобаның сметалық құжатын «PL Cоnstruction» ЖШС дайындау үстінде. Жоба жүзеге асқаннан кейін осыған дейін шалғай елді мекендерді газбен қамтамасыз етіп келген «ЖетісуОблГаз» өз міндетін бұдан былай «КазТрансГаз» инвестициялық компаниясына өткізіп бермекші. Демек, облыс аумағындағы елді мекендерді газдандыру мәселесі осындай жолдармен қарқынды жүргізіліп келеді.
Осы ретте облыс орталығы Талдықорған қаласын газдандыру мақсатындағы жұмыстарға ерекше тоқтала кеткен жөн. Қаланы газбен қамтамасыз ету төрт кезеңге бөлініп орындалады. Алғашқы кезекте «Қаратал» шағын ауданы, Абылай хан, Жансүгіров, Гауһар ана көшелерінің бойындағы, облыстық аурухана, автобекет және орталық базардың маңындағы жеке және көп қабатты тұрғын үйлер, «Талдықорған» индустриялды аймағы мен Оңтүстік өндірістік аймақ газ желісімен қамтылады. Оның жалпы құны 6,3 млрд. теңге, бірінші кезең үстіміздегі жылы іске асады деп күтілуде. Екінші кезекте «Самал», «Жастар», «Мерекелік» шағын аудандары мен Жансүгіров, Желтоқсан, Қабанбай батыр, Чкалов, Белов, Шевченко көшелерінің бойындағы жеке және көп қабатты тұрғын үйлерге газ жеткізіледі. Жалпы құны 8,2 млрд. теңге. Үшінші кезекте Өтенай және «Шығыс» шағын ауданы мен Жансүгіров, Алматы, Тілек Әбжалиев көшесінің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізеді. Жалпы құны 5,75 млрд. теңгені құрап отыр. Төртінші кезекте Қаратал өзенінің бойындағы, Еркін, Көктал ауылдары мен қала маңындағы саяжайларға газ жеткізіледі. Қазір бұл кезеңдегі жұмысқа кететін 4,6 млрд. теңге қаржы Еуропалық банкпен келісімшарт негізінде шешілуде. Қатысты сала мамандарының айтуынша, Талдықорған қаласын газбен қамтамасыз етудің төрт кезеңдік жобасының 1-ші және 4-ші кезеңіне тиісті қаржы мәселесі шешілген. Демек, екі кезеңде газ жеткізіледі деген нысандар жуық арада көгілдір отынның қызығын көреді. Ал қалған екі кезеңге қажетті қаржы көзі қарастырылуда. Қалай болған жағдайда да бір-екі жыл көлемінде облыс орталығы тұтастай табиғи газдың қызығын көретін болады.
Бір қуанарлығы, Есік қаласында облыстық мәслихаттың бірлескен тұрақты комиссиясының көшпелі отырысы өтіп, өңірді сұйытылған табиғи газбен қамтамасыз ету жұмысын жалғастырып, Жетісу жеріндегі инфрақұрылымды дамыта түсу мақсатындағы ұзақмерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастық тағы бір мәрте бекіді. Меморандум шеңберінде автокөліктерді мотор отынымен қамтамасыз ету жайы да айтылды. Демек, алдағы уақытта газбен жүретін көліктер саны біздің өңірде көбейетін болады.
Қажет АНДАС
T. Кіршібаев