- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Көгеріп жатыр екен"....
"Көгеріп жатыр екен". Ақтауда көршісінің салғырттығынан 2 бірдей баласынан айрылған әке сұхбат берді
Қайғыдан қан жұтқан әке ұлы мен қызының өліміне кінәлі көршінің бостандықта тайраңдап жүргеніне және тергеудің өте баяу жүріп жатқанына шағымданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
4 баланың әкесі Жанболат Келмегенов қас қағым сәтте-ақ, 2 жарым жастағы қызы Мәриям мен 10 айлық ұлы Берекеттен айрылып қалды. Олар тіпті уланып қалғандарын сезбеген.
"Таңға жақын білдік. Келіншегім Берекет деген құрттай балам көгеріп жатыр деді. Сол кезде шокпен қалай атып тұрғанымды білмеймін. Бірден далаға шығардық. Мәриямды қарадық. Ол да көгеріп жатыр екен. Екі үлкен балам да құсайыншы деп жатыр екен. Скорый телефон көтермеді. 102 ге соққанда олар бірден келді. Газдың иісі шығып жатыр деді. Бірақ, бізге иіс сезілмеді. Солар скорый шақырып берді. Жедел-жәрдем келіп, 3-баламды құтқарды. Ол да көгеріп жатқан екен. Кейін қарасақ, кілемнің бәрі құсық. Аяқ-қол істемей, қапталға құсып жата бергенбіз. Қатты уланып қалдық", - дейді Жанболат Келмеденов.
Жанболат Келмеденов ұлы мен қызының қайтыс болғанын кейін түсінген. Қайғыдан қан жұтқан әке қайғылы жағдайға кінәлі көршінің бостандықта жүргеніне ашулы. Оның үстіне отбасы мүшелерінен жауап алу да әлі аяқталмаған.
"Басымызды айналдырды. Сіркеміз су көтермейді. Ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болып отырғанда тергеуді созып жіберді. Екі баланың өліміне кінәлімін деп мойындап отыр, шарасын алмай ма? Қолымыздың жіпсіз байланып тұрғаны, удың составын анықтай алмай отыр. Бірақ сонда да ол кісі бостандықта жүр әлі. Сол ғой менің айтайын дегенім. Әділдік қайда? 23-күні мен балаларымды жерлеп келдім. Ол кісі әлі үйінде дейді", - дейді Жанболат Келмеденов.
Ал, Ақтау қалалық полиция басқармасының мәліметінше, қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары әлі жүріп жатыр. Сараптамалардың қорытындысы шықпаған. Сондықтан кінәлі тұлға бостандықта.
"Бұл дерекке қатысты ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 304-бабы 3-бөлігімен тергеу жүріп жатыр. Санитарлық қағидалар мен гигиеналық талаптардың сақталмауы 2 адамның өліміне әкеліп соқты. Тиісті сараптама тағайындалды. Бірақ, әлі нәтижелері шыққан жоқ. Соның қорытындысы бойынша істің қатысушыларына қатысты бұлтартпау шарасын тағайындау сотта шешіледі", - дейді Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева.
Айта кетейін, қайғылы оқиға 23-қазан күні Ақтау қаласындағы 7-шағын ауданда болды. Көп қабатты үйдің 8-қабатындағы пәтерлердің бірінде қандалаға қарсы улау жұмыстары жүргізілген. Бірақ, тұрғын ол жайында көршілерге мүлдем ескертпеген. Соның салдарынан жоғарғы қабатта тұратын отбасы мүшелері түгелдей уланып қалды. 2 жарым жастағы және 10 айлық бала жедел-жәрдем келгенше қайтыс болған. Кәмелетке толмаған тағы 2 бала мен ата-анасы және атасы ауруханаға жеткізіліп, дер кезінде көмек берілді.
СЭС мамандарының айтуынша, тұрғын пәтерін қандалаға қарсы белгісіз препаратпен улаған. Ол үшін 39 таблетка қолданған. Соның салдарынан жоғарғы қабаттағы пәтерге аммиак көп таралған.
Сая Мәжитқызы
А. Жайыққызы