Қоғамымыз мемлекет тиімді механизмдерді енгізіп жатқанын жете түсінуі тиіс - Қайрат Қожамжаров

Қоғамымыз мемлекет тиімді механизмдерді енгізіп жатқанын жете түсінуі тиіс - Қайрат Қожамжаров
Фото: kyzmet.gov.kz

2016 жылдың 28-ші қазанында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кеңейтілген кеңесі өткізілді. Оның жұмысына Қазақстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, Агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаров және ведомствоның құрылымдық һәм аумақтық департаменттерінің басшылары мен қызметкерлері қатысты. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми сайтында жарияланды.

Жиын барысында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының І бағытын жүзеге асыру барысы жан жақты пысықталды.

Қазірдің өзінде Қазақстанда мемлекеттік қызмет жүйесі жетілдірілген. Конкурстық негіздегі мансаптық модельге ауысу толығымен аяқталды.

Бұл модельдің басты қағидаты – мемлекеттік қызметте мансаптық ілгерілеуге ынталы азаматтарға әлеуметтік серпін беріп, жоғары лауазымдарға тағайындау кезінде әділдікті қамтамасыз ету.

Мемлекеттік қызметке қабылдау және ілгерілетудің ашықтығын бақылаушылар институты қамтамасыз етеді. Агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаров жиынға қатысушылардың назарын осы бақылаушыларға қойылатын талаптарды күшейтуге және «Азаматтық бақылау» жобасы аясында мемлекеттік емес ұйымдар әлеуетін кеңінен пайдалануға  аударды.

Қабылданған жаңашылдықтар непотизмге, яғни ағайынға бұрушылыққа  қайшы келіп, әрбір мемлекеттік қызметшіге оның жинаған кәсіби тәжірибесі мен адал еңбегі лайықты бағаланады деген сенім ұялатады.

Адалдық, әділдік, халық игілігі үшін қызмет ету, азаматтардың сұранысына уақытылы, сапалы әрі кәсіби деңгейде жауап бере білу барлық қызметшілерге қойылатын басты талаптарға айналады. Бұл талаптарға сәйкес келе алмағандар қоғам алдында тұтас мемлекеттік аппараттың атына кір келтіреді.

Құқық қорғау қызметі стандарттары әкімшілік қызметтікіне мейлінше жақындай түседі. Алдағы уақытта құқық қорғау органдарына қызметке тұрам деушілер Агенттіктің құрылымдарында заңнаманы білу деңгейін анықтайтын, және жеке қасиеттерін бағалайтын тест сынағынан өтеді.

Тағы бір маңызды міндет – «қызмет көрсететін мемлекет» қағидаларын кеңінен енгізу. Мемлекеттік көрсетілетін қызметердің сапасын бағалау басымдықтары бизнес-үрдістерді талдау, бюрократиялық кедергілерді жоюға бағыталуы тиіс.

Агенттіктің құрылымдық және аумақтық департамент басшыларына қаратып айтқан сөзінде ведомство басшысы Қайрат Қожамжаров олардың назарын түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуге аударды.

«Қоғам барлық реформаларды сіздердің атқарып жатқан жұмыстарыңыз арқылы қабылдайтынын түсінулерің керек. Жүзеге асырылып жатқан реформалардың түйінін әрбір қазақстандыққа жеткізу маңызды. Қоғамымыз мемлекет тиімді механизмдерді енгізіп жатқанын жете түсінуі тиіс. Іске асып жатқан жаңашылдықтарды дұрыс қабылдау - сіздердің жұмысыңыздың басты бағасы болады», деп түйіндеді өз сөзін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров.

 
T. Кіршібаев