Қоғамнан оқшаулап, тамақ ішуін шектеген: Жамбыл облысында балаларды қорлаған өгей әке сотталды

Жамбыл облысында өгей әкеден қорлық көрген үш балаға қатысты іс бойынша сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Талас аудандық сотында кәмелетке толмаған 3 баланы қинады деген айыппен Т.-ға қатысты қылмыстық істі қаралды.

Сот мәліметінше, 2019 жылдан 2025 жылға дейін сотталушы Т. шаруа қожалығы аумағында кәмелетке толмаған өгей балаларына күш қолданып, оларды азаптаған.

"Сотталушы балаларды қоғамнан оқшаулап, олардың оқуы мен дамуына кедергі келтірген, еңбекке мәжбүрлеп, тамақ ішуін шектеген. Сотталушы олардың еңбегінен түскен табысты жеке қажетіне пайдаланған", - деп жазылған хабарламада.

Сот үкімі

Сот үкімімен Т. ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігі 1, 2) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, оған 4 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін осы балалар құлдықта ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Артынша қылмыстық іс қозғалды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз