- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қоғамдық палата мемлекеттік...
Қоғамдық палата мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң жобасын талқылады
Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мүшелері көшпелі отырыста "Мемлекеттік сатып алу туралы" заң жобасын талқылады. Құжат қазір депутаттардың қарауында.
Жиын Электрондық қаржыландыру орталығының кеңсесінде өтті. Отырысқа Қоғамдық палата мүшелерімен қатар заң жобасын әзірлеуші Қаржы министрлігінің басшылары, Жоғарғы аудиторлар палатасының мүшесі және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жауапты қызметкерлері қатысты.
Фото Т.Таныбаев
Қоғамдық палата төрағасы Айдос Сарым 26 маусымдағы палата отырысында мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасының негізгі тұжырымдамалық ережелері талқыланғанын атап өтті. Одан кейін уәкілетті органға 20-ға жуық ұсыным жіберілген, алайда ұсынылған заң жобасын іске асыруда мәселелер бар.
– Қоғамдық палатаның міндеттерінің бірі – атқарушы билік органдарымен сындарлы диалог орнату. Бірақ бұл екі жақты болуы керек, яғни, Үкімет Қоғамдық палатаға шынымен ашық болғаны жөн, – деді Айдос Сарым.
Тұжырымдамалық тұрғыда мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң жобасы туралы Қаржы министрінің орынбасары Дәурен Кеңбейіл баяндама жасады. Ол бүгінде Қазақстан мемлекеттік сатып алу жүйесінің ашықтығы бойынша әлемде үшінші орында екенін айтты. "Электрондық қаржыландыру орталығы" АҚ басқарма төрағасы Яхия Төлешов қазіргі электронды жүйеге тоқталды.
"Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің директоры Дидар Смағұлов палатаның 20 ұсынысының 12-сі қолдау тауып, жаңа заңда енгізілгенін жеткізді. Ол өз сөзінде Үкімет қабылдамаған кейбір мәселелер бойынша дәлелдер келтірді.
– Әңгіменің түп негізінен бастайық. Мемлекет басшысы бір жыл бұрынғы жолдауында жаңа заңның қажеттілігі туралы айтқаны бәріміздің есімізде. "Мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың сатып алулары бір платформаға көшуі керек. Бұл тәсілдерді жүзеге асыру үшін мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң қабылдау қажет болады" деген еді. Яғни, жаңа заңның қабылдануының бірінші және негізгі себебі – сатып алуды біріктіру. Бірақ олай болмай тұр. Асты сызылып тұрып айтылады, бірақ орындалмайды, – деді сарапшы.
Фото Т.Таныбаев
Сондай-ақ Алматы жоғары менеджмент мектебінің президенті Қанат Нұров, талдаушы, консалтингтік компанияның директоры Наталья Малярчук және басқа да қатысушылар өз пікірлерін білдірді.
Талқылау барысында Қоғамдық палата мүшелері мемлекеттік сатып алу туралы қолданыстағы заңнаманың кемшіліктерін талқылады. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, қоғам қайраткері Ғалым Байтук жаңа заңның жан-жақты және баршаға ортақ болуы керектігіне тоқталды.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа заң жобасы нақты проблемаларды шешпейтінін, әсіресе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін атап өтті. Мәжілісмен әр сала бойынша нақты мысалдар келтірді.
– Мәселе сол авторлық құқықта. Авторлық құқық болған кезде бір дерек көзі болуы керек екені түсінікті. Бірақ бұл ретте тәуекелдерді де ескеру керек. Енді сол білім беру курстарына авторлық құқықты тез тіркеп, миллиардтаған теңгені құрайтын конкурстарды бір көзден ұтып аламыз. Бұл ақпараттық жүйелерге де қатысты. Өкінішке қарай белгілі бір құрылымдар үшін арнайы процедура сақталып отыр. Тәуекелдер бұрыннан болды, алда да болады және толығымен шешілмей келеді. Әрине, жаңа заң жобасының тиімді тұстары да бар, бірақ проблемалар шешуді талап етеді, – деп түйіндеді сөзін Асхат Аймағамбетов.
Фото Т.Таныбаев
Мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы қазан айынан бері Мәжілістің қарауында. Талқылау барысында әзірленген барлық ескерту мен ұсыныстар пысықтау үшін депутат Руслан Қожасбаев бастаған жұмыс тобына жіберіледі.
Фото Т.Таныбаев
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина