Ыстық күнде қоғамдық көліктердің кейбір жүргізушілері салқындатқышты түрлі себептермен қоспай жатады. Ауа температурасының жоғарылауына байланысты салқындатқышты қосып, өшіру бойынша арнайы регламент бар ма? Мәселеге қатысты Көлік министрлігі Massaget.kz тілшісінің сұрағына арнайы жауап берді.
Аптап ыстықта еліміздің әсіресе оңтүстік өңірлерінде термометр бағамы 40-45 градусқа дейін көтеріледі. Мұндай ауа-райында салқындатқышы өшіп тұрған қоғамдық көлікте жүру нағыз - сынақ.
Фото: Жақсылық Зинешов
"Мен зейнет жасындағы жанмын. Алматыда қоғамдық көліктер, өзім сияқты егде адамдар үшін ең қолайлы траснпорт құралы. Бәріне бірдей күйе жағудан аулақпын. Бірақ, кей автобустардың іші ыстық пеш сияқты, шыдау мүмкін емес. Жүргізушілерден салқындатқышты қосуды өтінгенде көбісі тыңдап жатады, дегенмен айтқан сөзіңді құлаққа ілмейтіндерге таңқаламын" , - дейді қала тұрғыны Ольга Кадыровна
Зейнеткердің наразылығын арқалай жүргізушілерге де келдік. Туындаған бірнеше сұрағымызға №99 маршруттың жүргізушісі жауап қатты.
"Автопарк автобустың жағдайына жауап береді. Кей-кезде салқындатқыш істен шығып қалады. Әрине барлық жүргізушілердің атынан сөйлеуге аулақпын. Дегенмен, бұл сирек құбылыс. Бірақ, қоғамдық көлікте салқындатқышты қоспаудың техникалық ақауынан бөлек әдепкі себептері бар. Мысалы, мына біздің маршрут Көк-Төбеге дейін барады. Салқындатқыш мотор күшінің белгілі бір пайызын жұтып қояды. Техниканы қинамау үшін өрге шыққанда салқындатқышты өшіріп қоюға тура келеді. Кейде, жас аналар балаларын суықтатпау үшін өшіруімізді өтініп жатады. Осы сияқты түрлі жағдайлар орын алады. Сондықтан, ыстық күндері жүргізушіге бір ауыз өтініш айту жеткілікті. Техникалық мәселе болмаса, салқындатқышыңызды қосып береді" , - дейді, автобус жүргізушісі.
Осы тұста ыстық күнде салқындатқышты қосуға арналған арнайы регламент бар ма деген сауал туындайды. Сұрағымызға Көлік министрлігі жауап қатты.
Жалпы автобустарды желдету және техникалық жағдайына қойылатын талаптардың сақталуын тасымалдаушы қадағалау керек екен. Бұған қатысты арнайы бұйрық бар.
Фото: Жақсылық Зинешов
"Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің бұйрығына сәйкес, тасымалдаушы рейс алдындағы міндетті техникалық қарап тексеру, автокөлік құралдарының жүргізушілерін рейс алдында және рейстен кейін медициналық тексеруден өтуін, олардың еңбек және тынығу режимінің сақталуын, жолаушының қауiпсiздiгiн, оған қажетті қызмет ету жайлылығы және шарттары жасалуын қамтамасыз етуге міндетті" , - дейді Министрлік.
Оның үстіне, жазғы маусымда автобустар салондағы температураны автоматты реттеу жүйесімен жарақтандырылуға тиіс екен. Дегенмен, заңнамада қоғамдық көлікте қандай температураны ұстап тұру және қай уақытта іске қосу жайлы регламент қарастырылмаған.
"Қоғамдық көліктерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талапқа сәйкес, жылы мезгілге арналған арнайы стандарттар жоқ. Дегенмен, салқын мезгілде салонның iшiндегi ауаның температурасы жолаушыларды тасымалдау кезінде салыстырмалы ылғалдылығы 70-75% болған жағдайда +14 ºС-тан төмен болмауы керек", - деді Министрлік.
Дегенмен регламент жоқ деген сөз, мүлде салқындатқыштың техникалық жағдайына қарап қажет емес дегенді білдірмейді.
"Заңға сәйкес, жолаушылардың тасымалдарын жүзеге асыратын тасымалдаушы, автокөлiк құралдарының техникалық жарамды күйiн қамтамасыз етуге және белгiленген техникалық, экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға және өрт қауiпсiздiгi талаптарына жай-күйi сай емес автокөлiк құралының маршрутқа шығуына жол бермеуге міндетті", - делінген Министрлік хабарламасында.
Министрлік стандарттар бұзылған жағдайда кімге шағым түсіруге болатынын да жеткізді.
"Қоғамдық көліктерді ұйымдастыру кезінде тасымалдаушылар тарапынан заң бұзушылықтар орын алған жағдайда, олар бойынша тиісті жергілікті атқарушы органға жүгіну қажет", - дейді Министрлік.
Сөз соңында қоғамдық көліктегі салқындатқышты қосудың арнайы ережелері жоқ болғанымен, тасымалдаушылар олардың жұмысқа жарамдылығын бақылауға міндетті екенін айтқымыз келеді. Және де Көлік министрлігі жолаушыларға тасымалдау жағдайын жақсарту үшін заң бұзушылықтар туралы жергілікті атқарушы органдарға хабарлауды ұсынатынын жеткіземіз.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!