Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға 5 бағдардан тұратын Жолдау жасады. Онда жаңа экономикалық саясат, стратегиялық инвестиция, Президент сайлауы, зейнетақы жасы, балаларға арналған жаңа қор мен Қаңтар оқиғасы туралы мәселелер қарастырылған. Massaget.kz тілшісі Еуропалық құқық пен адам құқығы сараптама институтының директоры Марат Бәшімовпен Жолдаудағы маңызды мәселелер туралы сұхбаттасты.
Марат Бәшімов "сән-салтанат" салығы арқылы табыс әділ бөлінетін болса, кіріс тексерісі арқылы бәсекелестік артатынын айтты.
"Аса байларға арналған "сән-салтанат" салығын және кірісті әділ бөлу өте маңызды. Көптен бері қоғам осы мәселенің әділ болуын қалады. Forbes стандарттары бойынша супер-олигархтар мен орта таптың арасы жер мен көктей. Бұл - қазіргі қоғамымыздың көрінісі. Жолдауда аса байларға салынатын салық өте орынды айтылған. Сондай-ақ, кірісті тексеру де маңызды аспект. Енді монополистер экономикалық шоғырлануға рұқсат алуы керек, бұл бәсекелестікті арттырады", - деді сарапшы.
Марат Бәшімовтің айтуынша, Салық кодексінің цифрландырылуы да жақсы бастама.
"Жаңа Салық кодексі, қала құрылысы және мемлекеттік сатып алу туралы заңдар еліміздің экономикасына қандай да бір талдау жүргізуге септігін тигізеді. Әдеттегідей, осы мәселелер аясында сыбайлас жемқорлық гүлденетіні баршаға белгілі, сондықтан Президент жаңа Салық кодексін цифрландыруды ұсынды. Бұдан басқа, Қасым-Жомарт Тоқаев автокөлік сатып алу кезінде төленетін салық мәселесіне де тоқталды. Заңсыз көлік әкелетін әрекеттің бәріне тосқауыл қою үшін алым және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей, бір реттік төлем жасауды ұсынды", - деді Марат Бәшімов.
Сарапшы Жоғары сот кеңесінің кадр мәселесімен толық айналысуын бұрыннан алға тартқан.
"Бізге сыбайлас жемқорлықтан азат және әділ сот төрелігін жүзеге асыратын сот қажет. Енді сот төрағасы және сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайды.Судьяларға әкімшілік қысым көрсететін амал-тәсілдің бәрі жойылып, олардың қызметіне араласпау керек. Бірақ бұл оларды заң бұзғаны үшін жауапкершіліктен босатпайды. Жоғары сот кеңесі кадр мәселесімен толық айналысатын болады. Сарапшылар мұның жүзеге асырылуы үшін көп еңбек етті", - деді ол.
Жолдауда Мемлекет басшысы биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды.
"Әрине, бұдан басқа да маңызды мәселелер қамтылды. Оның ішінде, Қаңтар оқиғасы, Президент пен Парламент сайлауы туралы сөз қозғалды. Заң бұзғандардан бөлек, қаңтар оқиғасына қатысқанның барлығына бір реттік рақымшылық жасалатыны қуантады.
Жолдаудағы маңызды бөліктердің бірі - Президент пен Парламент сайлауы. Енді Президент бір рет қана сайланады, мандаты 7 жылға ұзарды. Бұл өзгерістер саяси тұрақтылық орнатып, мемлекетті нығайтуға бағытталған. Менің ойымша, бұл - ауқымды, мазмұнды, мәні жағынан адам құқықтары қамтылған, біздің қоғам үшін қажет болған Жолдау", - деп қорытындылады сарапшы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!